Ақтау қаласының маңында аққулар жаппай қырылып жатыр
Тұрғындардың бірі теңіз жиегінде жатқан жүздеген өлі құсты көрген
Каспий теңізінің жағалауында, Ақтау қаласына жақын маңдағы Сайын Шапағатов ауылының маңынан ондаған өлі аққу табылды. Экологиялық апатқа ұқсас бұл жағдайға қазақстандық режиссер Қанат Майлыбаев назар салып, дабыл қақты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Lada.kz басылымына сілтеме жасап.
Режиссердің айтуынша, ол 23–24 наурыз күндері жағалауға серуендеуге шыққанда, теңіз жиегінде жатқан жүздеген өлі құсты көрген. Қырылған аққулардың бір бөлігі жақында ғана өлсе, кейбірінің жатқанына біраз уақыт болған.
«Мен шошып кеттім. Бұрын-соңды мұншалықты көп қырылған аққу көрмеген едім. Мұны көруге мені Құдайдың өзі жіберген шығар», — дейді Қанат Майлыбаев.
Оқиға болған аумақта тұрғын үйлер аз болғандықтан, бұл жағдай ұзақ уақыт бойы еленбей келген болуы мүмкін.
Режиссер аққулардың қырылуын Каспийдің тартылуымен және экологиялық ахуалдың нашарлауымен байланыстырады. Өлі жатқан құстардың нақты саны әлі анықталған жоқ.
Қанат Майлыбаев Каспийдегі жануарлар мен құстардың жойылуы туралы деректі фильм түсіруді көздеп отыр. Өйткені соңғы жылдары Каспийде итбалықтар мен аққулардың азаюы жиілеп кеткен.
«Бұл туралы үндемей қалуға болмайды. Жыл сайын итбалықтар, аққулар және басқа да құстар санының күрт азайып бара жатқанын көріп отырмыз», — деп түйіндеді режиссер.