Павлодар облысында ер адамның баласына төлемеген алименті 7 млн теңгеден асқан
Ертіс өңірінде полицейлер алимент бойынша іздеуде жүрген борышкерлерді тапты
Павлодар облысында балаларына алимент төлеуден жалтарып жүрген ата-аналардың қарызы бірнеше миллион теңгеге жеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Павлодар қаласының полициясына облыс орталығының тұрғыны бұрынғы жұбайының 13 жастағы ұлын асырауға алимент төлеу туралы сот шешімін орындамауына байланысты арызданған. Қарыз сомасы төрт миллион теңгеден асты.
Осыған ұқсас арызбен тағы бір қала тұрғыны жүгінді. Ажырасқаннан кейін оның бұрынғы жұбайы кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеуге қатысуды тоқтатқан. Қарыз көлемі жеті миллион теңгеден асады.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер борышкерлердің орналасқан жерін анықтап, олардан келу туралы міндеттеме алынды.
«Қазіргі таңда борышкерлерді және олардың мүлкін іздестіру бойынша полицияда жеткілікті әдістер бар. Бұл – басқа мемлекеттік органдармен, банктермен, ұялы байланыс операторларымен өзара іс-қимыл жөніндегі түрлі келісімдер. Сонымен қатар әлеуметтік желілерді пайдалану да үлкен мүмкіндік береді. Алимент – бұл жай ғана заңдық міндет емес, өз балаң алдындағы жауапкершілік екенін ұмытпау қажет», – деп атап өтті Павлодар облысы ПД көші-қон қызметі басқармасының бастығы Қанат Сартов.