1 млн-ға жуық доза: Ұлытау облысында көліктен 3 млн доллардың есірткісі табылды (ВИДЕО)
Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды
Ұлытау облысында Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлінісінің қызметкерлері ірі есірткі жеткізу арнасын әшкереледі. Қылмыстық әрекет елдің оңтүстік аймағынан ұйымдастырылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полицияның мәліметінше, Жезқазған-Қарағанды автожолында есірткі тасымалдауға қатысы бар бес адам ұсталды. Күдіктілер маршрутты бақылаған.
Көлікті тексеру кезінде 13 пакет тәркіленді. Онда 300 келіден астам марихуана болған. Алдын ала мәліметке сәйкес тәркіленген есірткі миллионға жуық бір реттік дозаға тең. Оның қара нарықтағы құны үш миллион АҚШ долларына жетеді.
«Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ішкі істер министрлігі есірткіні өндіру мен тарату бойынша кез келген заңсыз әрекеттің жолын кеседі. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр», – деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің төрағасы Данияр Мейірхан.