Келес өзеніне батып кеткен бала әлі табылмады: іздеу жұмыстары жалғасып жатыр

Құтқарушылар ондаған шақырым аумақты тексеріп, су деңгейін төмендету шараларын қолға алды

Келес өзеніне батып кеткен бала әлі табылмады: іздеу жұмыстары жалғасып жатыр
Фото: © freepik.com

Түркістан облысында 2018 жылы туған баланы іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Бала ойнап жүріп өзенге құлап, суға кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл туралы Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Ведомствоның мәліметінше, қайғылы жағдай 23 наурыз күні шамамен сағат 17:00-де болған. Баланың анасы оның Келес өзеніне құлап кеткенін айтқан. Іздеу-құтқару жұмыстарына ТЖМ бөлімшелері, полиция және ҰҚК қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар өкілдері, сондай-ақ туыстары мен еріктілер жұмылдырылған.

29 наурыз кешіндегі жағдай бойынша облыстық ТЖД жедел-құтқару жасағының мамандары Абай және Жүзімдік ауылдары маңындағы өзен арнасын тексеріп жатыр.

«ТЖД жедел-құтқару жасағының құтқарушылары Келес өзенінің Абай және Жүзімдік ауылдары маңындағы 42 шақырымдық учаскесін арнайы ілгектер мен арқан құралдарын пайдалана отырып тексеруде. Еріктілермен бірлесіп Жүзімдік және Қызыләскер ауылдарынан Ғ. Мұратбаев атындағы ауылға дейінгі аралық қаралуда. Қазіргі уақытта өзен бетімен 15 шақырым, ал су астында 900 метр аумақ сүңгуірлердің қатысуымен тексерілді», – деді ТЖМ.

Іздеу жұмыстарына Шымкент қаласының ТЖД жедел-құтқару жасағы да қосылған. Құтқарушылар жүзу құралдарымен Лесбекбатыр елді мекенінен Келес өзенінің Сырдарияға құятын жеріне дейінгі 9 шақырымдық аумақта патруль жүргізіп жатыр.

Қол жетуі қиын аумақтарды бақылау үшін ТЖМ-ның бес ұшқышсыз ұшу аппараты қолданылып, олар жағалау бойындағы шамамен 55 шақырым аумақты тексерген. Жалпы жұмыстарға сегіз жүзу құралы мен эхолот жабдықтары тартылған.

«Іздеу жұмыстарын тиімді жүргізу үшін су деңгейін төмендету шаралары қабылданды: 28 наурызда Қазығұрт ауданындағы шлюз жұмысы тоқтатылды, ал 29 наурызда Өзбекстан Республикасындағы “Зах” каналының шлюзі жабылды. Бұл да су деңгейінің төмендеуіне ықпал етуде. Іздеу-құтқару жұмыстары жалғасуда және бақылауда тұр. Барлық қызметтер қажетті шараларды қабылдап жатыр», – деп мәлімдеді ҚР ТЖМ.