Қостанай қаласының орталығы күмәнді сөмке үшін қоршауға алынды

«102» пультіне қала тұрғынынан хабарлама түскен

Қостанай қаласының орталығы күмәнді сөмке үшін қоршауға алынды
Фото: Azattyq Rýhy/Әсет Құндақбаев

Қостанай қаласының орталығында иесіз қалған сөмкеге байланысты полиция қызметкерлері көшені қоршауға алды. Оқиға 29 наурыз күні «Драма театры» аялдамасында болған, , деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қостанай облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, «102» пультіне қала тұрғынынан хабарлама түскен. Азамат аялдамада жатқан сұр түсті сөмкені байқап, бірден тәртіп сақшыларына хабарлаған.

«Оқиға орнына шұғыл түрде полиция қызметкерлері жетті. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аумақ қоршауға алынып, арнайы мамандардың қатысуымен тексеру жұмыстары жүргізілді», — делінген ресми хабарламада.

Мамандар сөмкені мұқият тексергеннен кейін оның ешқандай қауіп төндірмейтінін анықтады. Белгілі болғандай, ішінде ноутбук пен жеке заттар болған. Қазіргі уақытта полиция мүліктің иесін анықтау үстінде.

«Жеке заттарыңызды қараусыз қалдырмаңыз және күмәнді заттарды байқаған жағдайда бірден 102 нөміріне хабарласыңыз», — деді полиция өкілдері.