«Ескерту белгісі болмаған»: ШҚО-да инженердің кесірінен жол апатынан бір бала қаза тапты
37 жастағы тұрғыны көлігімен келе жатып, жол үстіндегі үйілген топыраққа соғылған
Шығыс Қазақстан облысында жол қауіпсіздігіне жауапты маманның салғырттығы қайғылы жағдайға әкеліп соқты. Күршім ауданында жол жиегіне үйілген топырақ пен ескерту белгілерінің болмауы кішкентай баланың өмірін қиды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиғаның мән-жайы
Оқиға 2025 жылдың 31 қазанында «Күршім – Қалжыр – Ақсуат» тас жолының 37-шақырымында болған. Күршім ауданының 37 жастағы тұрғыны көлігімен келе жатып, жол үстіндегі үйілген топыраққа соғылған.
Жол апатының салдарынан көлік жүргізушісінің алты жасар ұлы оқиға орнында көз жұмды. 2017 жылы туған қызы түрлі дене жарақаттарын алды.
Тергеу барысында белгілі болғандай, жол-құрылыс ұйымдарының бірінде қызмет ететін 53 жастағы бас инженер жол үстіндегі үйіндінің қауіпті екенін біле тұра, ескерту белгілерін қоймаған. Бұл «Жол жүрісі туралы» заң талаптарын тікелей бұзу әрекеті.
«Қылмыстық істі тергеу үш айға созылды. Биылғы жылдың наурыз айында сот үкімі шықты. Инженер көліктегі қолданыстағы ережелерді бұзғаны үшін кінәлі деп танылды», — деп хабарлады ШҚО Полиция департаменті.
Сот шешімімен кінәлі азаматқа бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Сонымен қатар, ол бір жыл мерзімге жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты лауазымды қызметтерді атқару құқығынан айырылды.
Шығыс Қазақстан облысының полицейлері мердігер ұйымдарды жол жөндеу жұмыстары кезінде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырды.