Шалқардағы жасөспірімнің өлімі: үш күдікті ұсталды

17 жастағы жасөспірім топтық жанжал кезінде қаза тапқан

Шалқардағы жасөспірімнің өлімі: үш күдікті ұсталды
Фото: istockphoto.com

Ақтөбе облысының Шалқар қаласында 17 жастағы Әлихан Жәнібектің өліміне қатысты іс бойынша тағы екі күдікті ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

 Бұл туралы өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

«Диапазон» басылымының жазуынша, 17 жастағы Әлихан Жәнібек 20 наурызға қараған түні кәмелетке толмағандар арасындағы топтық жанжал кезінде қаза тапқан. Марқұмның жақындары бұл оқиға «ауданға бөлініп төбелесу» салдарынан болғанын айтады. Әлихан кеуде тұсынан пышақ жарақатын алып, көз жұмған.

Полиция департаменті бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Жанжалға қатысқандардың барлығы анықталып, полиция бөліміне жеткізілген. Кейін кісі өлтірді деген күдікпен Шалқар қаласының 18 жастағы тұрғыны ұсталғаны белгілі болды.

Қазіргі уақытта Шалқар ауданының 17 жастағы тұрғынының өліміне байланысты Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша: адам өлтіру және адамдар тобы жасаған бұзақылық деректерімен тергеу жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде үш күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сонымен қатар оқиғаның куәгерлері мен басқа да қатысушылары анықталған.

Қылмысты тергеу үшін тәжірибелі тергеушілер мен жедел қызметкерлерден арнайы тергеу-оперативтік топ құрылған.

Қылмыстық іс облыстық полиция департаментіне берілді. Тергеу барысы департамент басшылығының ерекше бақылауында.