Қазақстандық Руслан Курбанов Астанада өткен семсерлесуден Әлем кубогінде күміс жүлде алды

Курбановтың күмісі бұл турнирдегі Қазақстан үшін алғашқы медаль болды

Қазақстандық Руслан Курбанов Астанада өткен семсерлесуден Әлем кубогінде күміс жүлде алды
Фото: ҰОК/Сали Сабиров

Қазақстандық спортшы Руслан Курбанов Астанада өткен семсерлесуден (шпага) Әлем кубогында күміс жүлдегер атанды. Бұл медаль Қазақстан үшін аталған турнирдегі алғашқы жүлде болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР ҰОК-ке сілтеме жасап.

Шешуші кездесуде қазақстандық шпагашы Украина құрамасының өкілі Роман Свичкарға жол берді. Финал 15:12 есебімен Свичкардың пайдасына аяқталды. Осылайша, Руслан Курбанов жарысты екінші орынмен аяқтады. Оның күміс жүлдесі Қазақстан үшін бұл турнирдегі алғашқы медаль болды.

Айта кетейік, бұған дейін Курбанов Германияның Хайденхайм қаласында өткен Әлем кубогында жеңімпаз атанған еді.

Астанада 26 наурызда ерлер мен әйелдер арасында семсерлесуден (шпага) Әлем кубогы басталды. Бұл – Халықаралық семсерлесу федерациясының (FIE) қолдауымен өтетін маңызды турнирлердің бірі. Қазақстан мұндай деңгейдегі жарысты алғаш рет қабылдап отыр.

FIE халықаралық күнтізбесіне жыл сайын осы санаттағы бар болғаны бес турнир енеді. Олар дәстүрлі түрде Швейцарияда, Германияда, БАӘ-де және Канадада өтеді. Биыл осы қатарға алғаш рет Қазақстан қосылып, Орталық Азияда Әлем кубогын қабылдаған алғашқы ел атанды.

Жарыс 26–29 наурыз аралығында өтеді. Турнирге әлемнің 46 елінен шамамен 500 спортшы қатысып жатыр, оның ішінде 222 әйел және 272 ер адам бар. Командалық сайыста 31 ерлер және 23 әйелдер құрамасы бақ сынайды. Жаттықтырушылар, төрешілер және ұйымдастырушыларды қосқанда, қатысушылардың жалпы саны 1000 адамнан асады.