«Тауда абай болыңыз»: ТЖМ қазақстандықтарға ескерту жасады

Онда қар көшкіні жүру қаупі бар

«Тауда абай болыңыз»: ТЖМ қазақстандықтарға ескерту жасады
Фото: pixabay

Қазақстанның бірнеше өңірінде қалың қар мен құбылмалы ауа райына байланысты қар көшкіні жүру қаупі сақталып отыр. Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарды таулы жерлерге барудан бас тартуға шақырады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Қазселденқорғау» мамандарының мәліметінше, қазіргі уақытта еліміздің оңтүстік және шығыс өңірлеріндегі таулы аймақтарда жағдай күрделі. 

Атап айтқанда Алматы қаласы мен Алматы облысы; Шығыс Қазақстан және Жетісу облыстары; Түркістан және Жамбыл облыстарының биік таулы аудандары.

Мамандар қардың өздігінен сырғып, көшкін жүру ықтималдығы жоғары екенін ескертеді. Сондықтан тік, қалың қар басқан беткейлерге шығуға қатаң тыйым салынады.

2025-2026 жылдардағы көшкін қаупі бар кезең басталғалы (қараша айынан бері) республика бойынша 66 рет қар көшкіні тіркелген. Олардың жалпы көлемі 175 600 м³ құрады.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ТЖМ бірнеше шараны жүзеге асырды. Олар 99 рет қарды түсіру жұмыстарын жүргізіп, 113 мың текше метрден астам қар қауіпсіз жерге шығарылды.

Бүгінгі күнге дейін (28 наурыз) 378 жерүсті зерттеу жұмыстары жүргізілген. Қауіпті учаскелерде 110 арнайы сақтандыру белгісі орнатылды.

«Төтенше жағдайлар министрлігі көшкін қаупі бар кезеңде тауға шығудан бас тартуды және қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды сұрайды», — делінген ресми хабарламада.