Алатау қаласында мүмкіндігі шектеулі жандарға барлық жағдай жасалады

Жаңа қала «жалпыға ортақ дизайн» қағидатымен құрылады

Алатау қаласында мүмкіндігі шектеулі жандарға барлық жағдай жасалады
Фото: alataunews.kz

Елдегі толық цифрланған алғашқы шаһар болатын Алатау қаласы инклюзивті жағдай жасалады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ерлан Әбдиев мәлімдеді.

Айтуынша, Алатау қаласының құрылып, қала мәртебесіне қатысты тиісті заңның қабылдануы – бұл мемлекет пен қоғамның даму философиясының жаңа деңгейі.

«Парламенттің бірлескен отырысында заң жобасының жетекшісі, Экономикалық және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Салихұлы өз баяндамасында мен ұсынған «жалпыға ортақ дизайн» қағидатын еңгізу бойынша түзетуді атап өткен сәт мен үшін ерекше мәнге ие. Себебі бұл өз басымнан өткізіп жұрген, өз тағдырластарымның күнделікті шындығын түсіну арқылы келген шешім. Адамның өміріндегі ең үлкен құндылық өзінің пайдасын сезіну», – деп атап өтті Мәжіліс депутаты.

Сонымен қатар бір ой мен ұсыныстың өзі ертеңгі күннің бейнесін қалыптастыратынын алға тартты.

«Әсіресе, сенің еңбегің біреудің өмірін сәл болса да жеңілдетсе, қоғамды әділетті әрі қолжетімді етсе бұл нағыз бақыт. Біз кейде үлкен өзгерістерді алыстан күтеміз. Бірақ шын мәнінде, өзгеріс әрқайсымыздың ішкі жауапкершілігімізден басталады. Бір ой, бір ұсыныс, бір қадам ертеңгі күннің бейнесін қалыптастырады», - дейді Ерлан Әбдиев.

Еске салайық, бүгін Парламент Алатау қаласының мәртебесін айқындайтын тиісті конституциялық заңды қабылдады.