Алатау қаласы ерекше мәртебеге ие болады: Парламент конституциялық заңды қабылдады
Маңызды құжат президенттің қол қоюына жіберіледі
Парламент палаталары бірлескен отырыста «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» конституциялық заңды екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
20 наурызда осы конституциялық заң жобасы Парламент палаталарының бірлескен отырысында бірінші оқылымда мақұлданған болатын. Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нұртай Сабильяновтың айтуынша, құжатты екінші оқылымға дайындау барысында Бірлескен комиссия депутаттар мен тұрақты комитеттердің ұсыныстарын қарап, жан-жақты талқылаған.
«Депутаттардың түзетулері бойынша біріншіден, заң жобасының нормалары жаңа Конституция ережелеріне сәйкес келтірілді. Заң жобасының атауы енді «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының жобасы болып өзгертілді», - деп мәлімдеді ол парламент палаталарының бірлескен отырысында.
Екіншіден, Алатау қаласының даму перспективасын ескере отырып, арнаулы құқықтық режимнің жекелеген ережелерін қала маңындағы аймақта да қолдану мүмкіндігі нақтыланды.
Үшіншіден, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру шарттары мен инвестициялық ынталандыру шараларын айқындайтын «Алатау қаласының басым салалары», «бизнес-лицензия», «реттеуші рұқсат» және «салықтық преференция» сияқты жаңа ұғымдар енгізілді. Бұл ретте бизнес-лицензия резиденттерге Алатау қаласының аумағында қызметін жүзеге асыру құқығын бере отырып, осындай қызметті жүзеге асырудың түрлері мен шарттарын айқындайды.
«Инвестициялық жобалар бойынша салық режимінің тұрақты болуы үшін «қаржылық орнықтылық» және ашықтық қағидаттары күшейтілді. Инвестициялық жобаны іске асыру аясында инвестициялық міндеттемелердің сомалары, берілген жеңілдіктер мен преференциялар туралы мәліметтер ашық түрде қолжетімді болатындай орналастырылуға тиіс», - деп атап өтті депутат.
Төртіншіден, цифрлық бастапқылық қағидатын жетілдіру мақсатында депутаттардың түзетулерімен қала шаруашылығы салаларының, яғни абаттандырудың, инженерлік, көліктік және тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымның, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздік жүйелерінің барлық деректері бірыңғай цифрлық платформада болады деп бекітілді.
Бесіншіден, кәсіпкерлер мен инвесторлар құқықтарының қорғалуын күшейтуге ерекше назар аударылды.
«Бизнес субъектілеріне қатысты тексеру жүргізуді тек қана Бас прокуратура органдарының жүргізе алатыны туралы норма енгізілді. Бұл іскерлік ортаның тұрақты әрі болжамды болуына қосымша кепілдік береді», - дейді Сабильянов.
Алтыншыдан, Қазақстанның негізгі аумағында, оның ішінде өндірістік-өткізу тізбектерінің жекелеген элементтерін қалаға көшіру есебінен бизнесті қолдау үшін салықтық преференцияларды пайдалану мүмкіндігін болғызбайтын түзетулер егжей-тегжейлі пысықталып, бекітілді. Бұл ретте депутаттар экономикалық аймақтар жұмыс істейтін үздік халықаралық тәжірибелерді (соның ішінде Шэньчжэнь сияқты Қытайдың арнайы экономикалық аймақтарының тәжірибесіне) негізге алған.
Жетіншіден, депутаттар бюджет қаражатының пайдаланылуын бақылауды күшейтуге қатысты түзетулер енгізді. Енді Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның Қазақстан Республикасының Құрылтайына ұсынылатын жыл сайынғы есептерінің құрамына Алатау қаласы әкімшілігінің республикалық бюджет қаражаты бойынша бюджеттің атқарылуы туралы есебі енгізілетін болады.
Сондай-ақ, әкімшіліктің бюджеттің атқарылуы туралы есебі мен Алатау қаласын дамыту туралы жылдық есепті интернет-ресурстарда жариялап отырудың міндетті болуы қарастырылды.
Сонымен қатар, әкімшіліктің және әкімшілікті басқарудың жоғарғы алқалы органы ретіндегі Кеңестің құқықтық жағдайы нақтыланды. Алатаудың арнаулы құқықтық режимінің негізгі мәселелері бойынша шешімдерді Кеңестің қабылдайтыны туралы қағидат та ұсынылды.
Сегізінші, депутаттардың түзетулерінде Әкімшіліктің лауазымды адамдарының (бас атқарушы директор мен әкімшілік қызметшілерінің), сондай-ақ Алатау қаласының әкімі мен оның орынбасарларының өкілеттіктерін жүзеге асыру кезіндегі жауапкершілігін енгізу көзделді.
Бұдан басқа, әкімшілік актілеріне сот тәртібімен шағым жасау және олардың күшін жою мүмкіндігі нақтылануда. Мұндай жағдай осындай әкімшілік актілер Конституциялық заңның қағидаттары мен ережелеріне сәйкес келмеген кезде орын алуы мүмкін.
«Тоғызыншы, «Инклюзивті Парламент» депутаттық тобының басшысы - депутат Ерлан Тұрсынбайұлы Әбдиев халықтың жүріп-тұруы шектелген топтарының қала ішінде еркін қозғалысына қолайлы жағдай жасауға қатысты түзетулер енгізді. Сондай-ақ, ол сәулет және қала құрылысы қызметін реттеу кезінде инклюзивті әрі жайлы орта қалыптастыру үшін универсалды дизайнды қолдануды да ұсынады», - деді мәжілісмен.
Оныншы, депутаттардың түзетулерімен әкімшілік актілері Экология кодексінің талаптарымен салыстырғанда қоршаған ортаны қорғаудың неғұрлым жоғары деңгейін қамтамасыз етуге тиіс туралы ұсыныс енгізілді.
Сенат пен Мәжіліс депутаттары осы түзетулерді мақұлдап, «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» конституциялық заңды екінші оқылымда қабылдады. Енді құжатқа президент қол қояды.