«Жер сағаты»: Астанада бір сағатқа жарық өшіріледі
Бұл жыл сайын өткізілетін дәстүрлі акция
Астананың көп нысандарында «Жер сағаты» акциясы аясында сыртқы сәндік жарықтандыру уақытша сөндіріледі. Биыл әлемдегі ең ауқымды «Жер сағаты» акциясы 28 наурыз күні жергілікті уақыт бойынша сағат 20:30-дан 21:30-ға дейін өтеді,деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Акцияның негізгі мақсаты - адамдардың назарын жер ресурстарын ұқыпты әрі жауапкершілікпен пайдалануға аудару. Бұл дүниежүзілік жабайы табиғат қоры (WWF) ұйымдастыратын жаһандық акция. Ол табиғатқа ұқыпты қараудың, планетамыздың шектеулі ресурстарына қамқорлық жасаудың символы болып саналады. Жыл сайын әлемнің 180 елінен миллиондаған адам бір сағатқа жарық пен электр құрылғыларын сөндіреді.
Әлемдегі мыңдаған сәулет ескерткіші де жарықтарын өшіреді: Құтқарушы Христос мүсіні, Эйфель мұнарасы, Үндістан қақпасы, Биг-Бен, Колизей, «Феникс» орталығы және басқа да нысандар.
Қазақстанда «Жер сағаты» акциясы жыл сайын кеңінен қолдау тауып келеді. Бұрын бұл бастаманы тек ірі қалалар қолдаса, соңғы алты жыл қатарынан оған елдің барлық өңірі қосылып келеді.
Акцияны ұйымдастырушылар: «Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы» ЗТБ, Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі, «Жасыл экономика және G-Global дамыту коалициясы» ЗТБ, Астана қаласының әкімдігі.
Елорда тұрғындары мен қонақтары үшін «Жер сағаты» акциясына арналған интерактивті іс-шара 19:30-да Хан Шатыр сауда-ойын-сауық орталығында өтеді.