Алматыда жарты тоннадан астам есірткі тәркіленді

Еріктілердің қатысуымен есірткі жарнамасы бар 15 мыңнан астам граффити жойылды

Алматыда жарты тоннадан астам есірткі тәркіленді
Фото: ЖИ арқылы жасалды/ChatGPT

Алматыда есірткінің заңсыз айналымына қатысты 629 құқықбұзушылықтың жолы кесілген, оның ішінде 279-ы – өткізу фактісі. Заңсыз айналымнан 500 келіден астам есірткі тәркіленген, оның ішінде 54 келіден астамы синтетикалық заттар. Бұл шамамен 2,5 мың доза есірткінің таралуының алдын алуға мүмкіндік берген. Бұл туралы Алматы қаласы Полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдулдинов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Есірткі қылмысы – ұлт денсаулығы мен жастардың болашағына төнген қауіп. Жедел жұмыстармен қатар профилактика да күшейтілуде. Әсіресе синтетикалық есірткілер ерекше қауіп төндіреді», – деді Айдын Қабдулдинов.

Қазіргі таңда заманауи технологиялар енгізілуде: жасанды интеллектке негізделген талдау жүйелері, дрондар және цифрлық құралдар қолданылып жатыр.

Еріктілердің қатысуымен есірткі жарнамасы бар 15 мыңнан астам граффити жойылып, шамамен 2 900 интернет-ресурс бұғатталған. Азаматтардың көмегімен есірткі таратуға қатысы бар 92 адам ұсталып, барлығы қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

«Интернетте есірткіні насихаттауға жол бермеу маңызды. Оларды таратқаны үшін 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы қарастырылған», – деп атап өтті ол.

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап азот тотығының заңсыз айналымы үшін жаза күшейтіліп, 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған.