Мораторий аяқталса да, тарифтер бірден көтерілмейді
Қазақстанда коммуналдық қызметтер тарифін көтеруге енгізілген уақытша мораторий наурыз айының соңында аяқталады, алайда нақты өсім маусым айынан ерте болмайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Болатбаевтың мәліметінше, тарифтерді өзгерту үшін алдымен қызмет көрсетуші компаниялардың өтініштері қаралуы тиіс. Бұл процесс бірден жүзеге аспайды және белгілі бір уақытты талап етеді.
Еске салсақ, 2026 жылдың I тоқсанының соңына дейін барлық тұтынушылар үшін коммуналдық тарифтерді көтеруге шектеу қойылған еді. Осы кезеңде монополистердің инвестициялық міндеттемелерді қаншалықты орындап жатқаны кешенді түрде тексерілді.
Комитет өкілінің айтуынша, саладағы инфрақұрылымның орташа тозу деңгейі 50%-дан асып кеткен. Егер бұл бағытта инвестиция көлемі артпаса, жыл сайын тозу деңгейі тағы 2–3%-ға ұлғая береді. Бұл өз кезегінде тарифтерді қайта қарау қажеттігін туындатады.
Қазіргі таңда тарифті көтеруге қатысты нақты өтініштер әлі түспеген. Дегенмен, алғашқы өтінімдер сәуір айында берілуі мүмкін. Әрбір өтініш бойынша міндетті түрде қоғамдық тыңдаулар өткізіледі, оған шамамен 1 ай уақыт кетеді.
Сонымен қатар, өтініштерді қарау мерзімі де әртүрлі: стандартты тәртіппен, яғни 90 жұмыс күніне дейін, ал жеңілдетілген тәртіппен 40 күн қаралады. Осы мерзімдерді ескерсек, кейбір өңірлерде тарифтер тек маусым айында өзгеруі ықтимал.
Комитет мәліметінше, монополия субъектілері өтініштерді жыл бойы бере алады, сондықтан тарифтердің нақты қашан және қанша пайызға өсетіні әр өңірде әртүрлі болуы мүмкін.