ФИФА биылғы әлем чемпионатында футбол ережесіне қандай өзгерістер енгізетіні белгілі болды

Биыл әлем чемпионаты АҚШ, Канада және Мексика елдерінің аумағында өтеді

ФИФА биылғы әлем чемпионатында футбол ережесіне қандай өзгерістер енгізетіні белгілі болды
Фото: FIFA/X

ФИФА 2026 жылғы әлем чемпионатында футбол ережесіне бірқатар өзгеріс енгізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы The Touchline басылымы жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ауыстыру уақыты: бас бапкер алмастырған ойыншы 10 секунд ішінде алаңнан шығып үлгеруі тиіс. Егер ол кідіріп, 10 секундтан ұзағырақ жүріп қалса, ауыстыру уақыты бір минутқа кешіктіріледі және команда уақытша бір ойыншыға кем ойнайды.

Допты ойынға енгізу: ауттан лақтыру мен қақпадан бастайтын кезде бес секундтық таймер енгізіледі. Осы уақыттан асып кеткен жағдайда команда допты қарсыласқа береді.

Медициналық көмек: алаңда медициналық көмек алған ойыншы міндетті түрде алаңнан шығып, қайта оралу үшін бір минут күтуі тиіс. Алайда бұл талап ереже бұзу салдарынан ойыншы жарақат алып, қарсыласқа ескерту берілген жағдайда қолданылмайды.

VAR жүйесі: VAR екінші сары қағаздың нәтижесінде берілетін қызыл қағазды, сондай-ақ қате белгіленген бұрыштама соққыларын қайта қарай алады.

Сонымен қатар тек команда капитаны ғана төрешіге жақындап, түсініктеме сұрай алатыны туралы ереже күшейтіледі. Басқа ойыншыларға сары қағаз көрсетілуі мүмкін.

Айта кетейік, 2026 жылғы әлем чемпионаты жазда АҚШ, Канада және Мексика елдерінің аумағында өтеді. Қазіргі әлем чемпионы – Аргентина құрамасы. 2022 жылғы әлем чемпионатының финалында аргентиналықтар Франция құрамасымен кездесіп, негізгі уақытта 3:3 есебімен тең түсті. Ал пенальти сериясында Аргентина құрамасы 4:2 есебімен жеңіске жетті.