«Заң мен тәртіп»: Қылмыспен күрес және құқықтық реформалардың нәтижелері
Қағида әр азаматтың заңға бағынуын қамтамасыз етеді
Президент жариялаған «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында Қазақстанда қылмысқа қарсы іс-қимыл жалғасып жатыр. 2025 және 2026 жылдардың басындағы көрсеткіштер қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде оң динамиканы көрсетіп отыр, деп жазады Azattyq Rýhy.
2025 жылдың қыркүйегінен бастап Қылмыстық кодекске енген өзгерістер күшіне еніп, құқық бұзушылықтың жаңа түрлеріне жауапкершілік күшейді. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес аясында әйелдер мен балаларды қорғау тетіктері жетілдірілді. Сонымен қатар, мемлекетке заңсыз иемденілген активтерді қайтару бойынша жүйелі жұмыс жалғасуда, бұл экономикалық заңдылықты қалпына келтірудің негізгі құралына айналды.
Дегенмен, тәртіпті орнату тек жазалаумен ғана емес, алдын алумен де тікелей байланысты. Солтүстік Қазақстан және Жетісу облыстары сияқты өңірлерде еңбек құқықтары мен жастар арасындағы құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған «Заң мен тәртіп» акциялары тұрақты түрде өтеді. Мектеп бағдарламасына тиісті пәндерді енгізу және киберқылмысқа қарсы жасанды интеллект технологияларын қолдану болашақ қауіпсіздіктің кепілі.
«Заң мен тәртіп» идеологиясы бұл тек құқық қорғау органдарының жұмысы емес, әрбір азаматтың заңға бағыну мәдениетін қалыптастыру арқылы қауіпсіз қоғам құру жолындағы ортақ қадам.
Сондай-ақ, әскери прокуратура органдары Қазақстан Қарулы Күштері қатарында заңдылық пен тәртіпті нығайту бағытындағы жұмысты жүйелі әрі кешенді түрде жүзеге асырып келеді. Бұл – әскери қызметтің тиімділігі мен ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі факторларының бірі.
Соңғы кезеңде қылмыстық істер бойынша көшпелі және онлайн форматтағы сот отырыстарын өткізу тәжірибесі кеңінен таралып жатыр. Мұндай тәсіл құқық бұзудың алдын алудың тиімді құралдарының біріне айналып отыр. Ашық форматта ұйымдастырылған сот процестері әскери қызметшілерге заң талаптарын нақты мысалдар арқылы түсіндіруге, сондай-ақ құқықтық сананы арттыруға мүмкіндік береді.
Аталған жұмыстар аясында жеке құрам 44 сот отырысына қатысқан. Оның ішінде 24 сот отырысы көшпелі форматта өтсе, 20-сы онлайн трансляция арқылы ұйымдастырылды. Нәтижесінде бұл процестерге 21 мыңнан астам әскери қызметші қамтылды. Олардың қатарында 10 мыңнан астам мерзімді қызметтегі сарбаздар, 5 мыңнан астам офицерлер және шамамен 6 мың келісімшарт негізінде қызмет ететін әскери қызметшілер бар.
Мұндай тәжірибенің маңызы ерекше. Біріншіден, ол кез келген заңсыз әрекет үшін жауапкершіліктің сөзсіз болатынын айқын көрсетеді. Екіншіден, әскери қызметшілердің құқықтық мәдениетін қалыптастырып, заң талаптарына құрметпен қарауға тәрбиелейді. Үшіншіден, құқық бұзуға мүлдем төзбеушілік қағидатын нығайтады. Бұл өз кезегінде әскери бөлімдердегі ішкі тәртіптің сақталуына, қызметтің сапалы атқарылуына және жалпы армияның жауынгерлік қабілетінің артуына тікелей әсер етеді.
Айта кету керек, бұл бағыттағы жұмыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айқындаған негізгі басымдықтармен толық үндес. Атап айтқанда, «Заң мен Тәртіп» қағидаты мемлекеттік саясаттың басты тіректерінің бірі ретінде белгіленген. Бұл қағидат қоғамда әділдік пен жауапкершілікті қамтамасыз етудің, сондай-ақ құқық үстемдігін нығайтудың негізі.
Жалпы алғанда, әскери прокуратура органдарының бұл бағыттағы жүйелі жұмысы армия қатарындағы құқықтық тәртіпті нығайтуға, әскери қызметшілердің құқықтық сауаттылығын арттыруға және елдің қорғаныс қабілетін күшейтуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Алдағы уақытта да бұл тәжірибе жалғасын тауып, жаңа форматтармен толықпақ.