Екібастұзда көлік нөмірін картонға қолмен жазып алған жүргізуші ұсталды
«Қолөнердің» кесірінен жүргізуші куәлігінен айырылуы мүмкін
Екібастұзда полицейлер мемлекеттік нөмірдің орнына ерекше тақтайша тағылған көлікке назар аударды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Полиция қызметкерлері көлікті тоқтатып, жүргізушінің мемлекеттік нөмірдің көшірмесіне ақша шығарғысы келмегенін анықтады. Ол нөмірді өзі жасап алған – кәдімгі картон қағазға қара маркермен салып шыққан.
Полицейлер «дизайнердің» еңбегіне өз бағасын берді.
Фото: видеодан скрин
«Жалған мемлекеттік тіркеу нөмірін пайдаланғаны үшін жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Көлік арнайы айып тұрағына қойылды», – деп мәлімдеді Екібастұз полиция басқармасы.
Құқық бұзушыға қатысты материалдар сотқа жолданды.
Еске салайық, жалған нөмір тағып көлік жүргізгені үшін бес тәулікке дейін әкімшілік қамау және бір жылға жүргізуші куәлігінен айыру жазасы қарастырылған.