Қазақстанда Starlink-тің аналогы пайда болуы мүмкін
Желіні тарту қиынға соғатын шалғай елді мекендерді интернетпен қамтуға қолайлы
Ресей «Рассвет» топтамасының 16 байланыс жерсерігінен тұратын алғашқы сериялық партиясын орбитаға шығарды. Сарапшылар бұл технологияның жақын арада Қазақстан нарығына шығу мүмкіндігін жоққа шығармайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазақстандық байланыс операторлары қауымдастығының президенті Олег Емельяновтың айтуынша, бұл — іс жүзінде Илон Масктың Starlink жүйесіне ұқсас жоба. Оның басты мақсаты — жер шарының кез келген нүктесінде 1 Гбит/с жылдамдықпен кең жолақты интернетке қолжетімділік орнату.
Жобаның артықшылықтары:
- Жерсеріктер арасындағы лазерлік байланыс технологиясы қолданылады;
- Әр жүз шақырым сайын жерүсті шлюздерін салудың қажеті жоқ;
- Желіні тарту қиынға соғатын шалғай елді мекендерді интернетпен қамтуға қолайлы.
Сарапшы ресейлік оператордың Қазақстан нарығына келуін коммерциялық тұрғыдан қисынды қадам деп санайды.
«Қазақстанның телекоммуникация және ақпараттық қауіпсіздік саласындағы заңдары ішкі трафиктің ел аумағында «қонуын» талап етеді. Сондықтан, қазақстандықтарға заңды түрде қызмет көрсету үшін оператор біздің елде кем дегенде бір жерүсті станциясын салуы тиіс», — дейді Олег Емельянов өзінің Telegram-арнасында.