Digital Nauryz: елордада Наурыз мейрамы қалай өтіп жатыр

Биылғы мереке дәстүрлі құндылықтар мен заманауи технологияларды ұштастырды

Digital Nauryz: елордада Наурыз мейрамы қалай өтіп жатыр
Фото: Астана әкімдігі

Елордадағы EXPO халықаралық көрме орталығының алаңы мыңдаған қала тұрғындары мен қонақтарының басын қосты. Биылғы мереке дәстүрлі құндылықтар мен заманауи технологияларды ұштастырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Астана әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мерекелік алаңға келген қонақтарды ұзындығы 12 метрлік иммерсивті LED-туннель қарсы алады. Алаңның қақ ортасында орнатылған алып экранда жасанды интеллект көмегімен жасалған бейне көрсетіліп, ежелгі қазақ ауылының атмосферасын заманауи форматта жаңғыртты.

Көрменің ең тартымды тұсы — «Жеті қазына» голографиялық экспозициясы. Мұнда қазақ мәдениетінің жеті символы жарық пен көлемді эффектілер арқылы көрерменге ерекше әсер сыйлады.

Технология әуесқойлары үшін AI Sport аумағы жұмыс істеп тұр. 

Мұнда келушілер қазақша күрес пен асық атудың интерактивті нұсқаларында бақ сынай алады; Робот-қақпашымен футбол ойнай алады. 

Балалар үшін қыш құмыра жасау, мүсіндеу сияқты арт-кеңістіктер ұйымдастырылған.

Мереке аясында өткен «Наурыз базары» азық-түлік жәрмеңкесіне еліміздің 50 отандық өндірушісі қатысуда. Ашық аспан астындағы алып қазандарда наурыз көже, бауырсақ, қуырдақ пен палау дайындалып, қонақтарға ұсынылып жатыр.