Алматылық шабандоз әлемдік рекорд орнатты

Бұл шара ұлттық ат спортының биік деңгейін бүкіл әлемге паш етті

Алматылық шабандоз әлемдік рекорд орнатты
Фото: Алматы әкімдігі

Алматыда Наурыз мейрамын тойлау аясында Жетісу ауданының этнофестивалінде әлемдік рекорд орнатылды. Алматы ипподромында өткен бұл шара ұлттық ат спорты – шабандоздықтың биік деңгейін бүкіл әлемге паш етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Шабандоз Ернар Жасұзақ қауіпті шеберлік әдісті сәтті орындап, сарапшыларды таңғалдырды. Ол 500 метрлік қашықтықты сағатына 60 шақырым жылдамдықпен шауып бара жатқан аттың үстінде түрегеп тұрып өткен.

Рекордтың ең басты ерекшелігі:

Шабандоз атты қолмен емес, тізгінді тісімен тістеп басқарған.

Мұндай жоғары жылдамдықта ешбір тіреусіз ат үстінде тік тұру мықты координация мен физикалық дайындықты талап етеді.

Мамандардың пікірінше, бұл жаттығуды орындау өте қиын. Кез келген кішігірім қателік ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін еді. Ернар Жасұзақтың бұл жетістігі ресми түрде Гиннестің рекордтар кітабына тіркелді.