Қазақстанда үш жылда 500 мыңға жуық оқушыға арналған мектеп ашылған

Арнайы жоба аясында 217 мектеп бой көтерген

Қазақстанда үш жылда 500 мыңға жуық оқушыға арналған мектеп ашылған
Фото: Azattyq Rýhy/Әсет Құндақбаев

Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2023-2025 жылдар аралығында іске асырылған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы еліміздегі білім беру инфрақұрылымын түбегейлі жаңартты. Жобаның басты мақсаты — әрбір баланың тұрғылықты жері мен әлеуметтік мәртебесіне қарамастан сапалы білім алуына жағдай жасау, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Үш жыл ішінде халықаралық стандарттарға сай келетін жаңа форматтағы мектептерде 460 мың оқушыға арналған орын құрылды. Ұлттық жоба аясында барлығы 217 мектеп бой көтерді:

2024 жылы: 105 мектеп пайдалануға берілді;

2025 жылы: 112 мектеп ашылды.

Бұл қадам 52 үш ауысымды және 12 апаттық жағдайдағы мектеп мәселесін толықтай шешуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ, 100-ден астам мектептегі орын тапшылығы айтарлықтай қысқарды.

«Келешек мектептері» бірыңғай стандарт бойынша салынды. Жаңа нысандардың 40% ауылдық жерлерде орналасқан, бұл ауыл мен қала мектептері арасындағы инфрақұрылымдық алшақтықты жоюға септігін тигізді. Қазіргі таңда 183 мектепте оқу кезеңі басталып, онда 218 мың оқушы білім алып, 17 мыңға жуық педагог еңбек етуде.

Жоба аясында орталықтандырылған басқару моделі енгізіліп, 900-ден астам басшыдан тұратын кадрлық корпус қалыптасты. Жобаның операторы ретінде Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы белгіленді.

Академия құрылымындағы ғылыми-әдістемелік орталық келесі бағыттарды үйлестіреді:

1. Оқу-тәрбие барысында әдістемелік және мазмұндық қолдау көрсету;

2. Цифрландыруды үйлестіру;

3. Кадрларды іріктеу және педагогтардың кәсіби біліктілігін арттыру;

4. Білім сапасына бақылау мен талдау жүргізу.

Қазіргі таңда барлық өңірде оқыту семинарлары басталып, оған 1700-ге жуық педагог қатысып жатыр.