Наурыз мейрамы қарсаңында Щучинск қаласында 47 отбасы баспаналы болды
Оларға пәтер кілттері салтанатты түрде табысталды
Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Бурабай ауданының орталығы Щучинск қаласында әлеуметтік осал топтарға жататын 47 отбасы баспаналы болды. Жаңа қоныс иелерін Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов құттықтап, пәтер кілттерін салтанатты түрде табыстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мемлекеттік бағдарлама аясында берілген бұл пәтерлер кезекте тұрған көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға және жетім балаларға үлестірілді. Өңір басшысы өз сөзінде халықтың тұрмысын жақсарту — басты міндет екенін атап өтті.
«Бүгін 47 отбасы үшін тек пәтер емес, жаңа, жайлы өмір бастауға мүмкіндік туған маңызды күн. Мұқтаж жандарға көмектесу — біздің бірінші кезектегі міндетіміз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды. Мәселен, биыл Бурабай ауданында 85 отбасына кілт берілді, жыл соңына дейін тағы 100-ден астам тұрғын баспаналы болады», — деді Марат Ахметжанов.
42 отбасы заманауи инфрақұрылымы бар, ауласы абаттандырылған «Altyn Tau» тұрғын үй кешенінен пәтер алды. Қоныс тойын тойлағандардың арасында мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған Темірбековтер отбасы да бар.
Пәтерлердің үлестірілуі: Щучинск қаласы: 42 пәтер («Altyn Tau» ТҮК) және 1 пәтер («Алтын-2» ТҮК); Қатаркөл ауылы мен Бурабай кенті: 4 пәтер кезекте тұрғандарға берілді.
Ақмола облысында тұрғын үй құрылысының қарқыны артып, әлеуметтік санаттағы азаматтар үшін салынатын баспана саны жыл сайын артпақ.