Digital Nauryz: Алматы облысында Наурыз жаңа форматта тойланды

Мерекенің басты іс-шаралары Қонаев қаласында ұйымдастырылды

Digital Nauryz: Алматы облысында Наурыз жаңа форматта тойланды
Фото: gov.kz

Биыл Алматы облысында Наурыз мейрамы заманауи технологиялар мен ұлттық құндылықтарды ұштастырған «Digital Nauryz» бағдарламасы аясында ерекше форматта өтті. Мерекенің басты іс-шаралары Қонаев қаласында ұйымдастырылып, жасанды интеллект пен цифрлық шешімдердің арқасында жаңа деңгейге көтерілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қонаев қаласының орталық алаңында тұрғындарды ерекше таңғалдырған роботтар көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен қатар, ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, онда қазақ халқының салт-дәстүрлерінен театрландырылған қойылымдар көрсетілді:

  • Тұсаукесер, қыз айттыру және сүйінші сұрау;
  • Бастаңғы, беташар және төс қағыстыру;
  • Сүйек жаңғырту және өзге де бірегей дәстүрлер.

Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев салтанатты шараға қатысып, тұрғындарды мерекемен құттықтады. Ал сенатор Жанболат Жөргенбаев «тұсаукесер» рәсімін өткізіп, бүлдіршінге ақ батасын берді.

Мерекелік құттықтауында өңір басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына да тоқталып өтті. Соңғы 3 жылдағы негізгі көрсеткіштер:

Жалпы өнім көлемі: 3,4 трлн теңгеден 6 трлн теңгеге дейін өсті.

Инвестиция: Өткен жылы 1 трлн 355 млрд теңге тартылып, өсім 29,4% құрады.

Жұмыс көлемі 18,4% артып, 1 млн 69 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

«Digital Nauryz» форматының басты ерекшелігі — технологиялық шешімдер:

1. Интерактивті «Жеті қазына» кітабы: Ұлттық мұраны заманауи форматта таныстырды.

2. Face of Nauryz: Келушілердің суреттері жасанды интеллект арқылы өңделіп, жаңа стильде ұсынылды.

3. Робот-аспаздар: Роботтар қонақтарға бауырсақ пісіріп, дәм ұсынды.

Кеш соңы қазақ эстрадасының жұлдыздары — Роза Рымбаева, Нұрболат Абдуллин, Тамара Асар және «Қоңыр» тобы мен «Құлансаз» ансамблінің қатысуымен өткен мерекелік концертке ұласты. Қонаев алаңында 5 мыңнан астам адам жиналып, шара тікелей эфирде көрсетілді.