Алатау қаласындағы білім мен медицина қалай жұмыс істейді – Бозымбаев жауап берді

Вице-премьер хабарлағандай, қалада мемлекеттік стандарттар өзгермейді

Алатау қаласындағы білім мен медицина қалай жұмыс істейді – Бозымбаев жауап берді
Фото: istockphoto.com

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Максим Рожин премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтан Алатау қаласындағы білім беру және медицина мекемелерінде жалпыға ортақ стандарттар қаншалықты сақталатынын сұрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутат заң жобасында білім беру мен денсаулық сақтау салаларын жеке реттеу көзделгенін атап өтіп, осыған байланысты мемлекеттік білім беру және медицина мекемелерінің қалай реттелетінін, сондай-ақ бұл салаларда ортақ мемлекеттік стандарттар сақтала ма деген маңызды сұрақты көтерді.

Сұраққа жауап берген Қанат Бозымбаев білім беру мен денсаулық сақтау салаларына қатысты мемлекеттік ұйымдар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жұмысын жалғастыра беретінін айтты.

Оның сөзінше, Конституцияның тиісті нормаларына сәйкес мемлекеттік білім беру стандарттары барлық оқу орындары үшін міндетті болып қала береді. Ал медицина саласына қатысты стандарттар да Қазақстанда белгіленген талаптардан төмен болмауы тиіс.

«Сонымен қатар, егер жеке инвесторлар халықаралық деңгейде мектеп немесе университет ашқысы келсе, не болмаса шетелдік үлгідегі аурухана салуды жоспарласа, оларға халықаралық стандарттарға сай жұмыс істеуге мүмкіндік беріледі.Мұндай жағдайда халықаралық деңгейдегі оқу орындары мен медициналық мекемелердің тәжірибесі, заманауи технологиялар және білікті мамандар тарту тетіктері қолданылатын болады. Егер ел ішінде қажетті мамандар болмаса, олардың біліктілігі халықаралық талаптарға сәйкес қайта қаралып, жұмыс істеуге мүмкіндік беріледі. Бұл ретте барлық жобаларда Қазақстандағы базалық стандарттар міндетті түрде сақталуы тиіс. Яғни, халықаралық талаптар қолданылғанымен, олар ұлттық стандарттардан төмен болмауы керек», - деді Қанат Бозымбаев.