Депутаттар Алатау қаласы туралы заң жобасына 527 ұсыныс енгізген - Нұртай Сабильянов

Ол депутаттардың қандай бастамалары ескерілгенін атап өтті 

Депутаттар Алатау қаласы туралы заң жобасына 527 ұсыныс енгізген - Нұртай Сабильянов
Фото: parlam.kz

Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нұртай Сабильянов «Алатау қаласының арнаулы мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының жобасы Алатау қаласының тұрақты өсуі мен дамуы үшін жетілдірілген құқықтық, ұйымдастырушылық,экономикалық жағдайлар жасау мақсатында әзірленгенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Нұртай Сабильяновтың айтуынша, қаралып жатқан Конституциялық заң жобасына сәйкес Алатау қаласына арнаулы мәртебе беру – бұл Алатау қаласының қарқынды экономикалық дамуына ықпал ететін негізгі заңнамалық құжат. 

«Бұл цифрландыруға, тікелей инвестиция тартуға, инновацияларды енгізуге және заманауи қалалық орта қалыптастыруға бағытталған «ақылды қала» болмақ. Заң жобасы қаланы басқарудың тиімді жүйесін қалыптастыруды көздейді. Алатау қаласының Кеңесі жоғары органы болады. Кеңес қаланы дамытудың стратегиялық бағыттарын айқындайды және Алатаудың мемлекеттік органдарын үйлестіруді қамтамасыз етеді. Кеңестің құрамын Президент бекітеді және ал оны Премьер-Министр басқарады.  Негізгі атқарушы орган, Әкімшілікті – мемлекеттік қор нысанындағы мемлекеттік орган ретінде айқындау ұсынылады», – деді Сабильянов.

Оның айтуынша, осы Кеңеске кәсіпкерлікті дамыту бойынша барлық өкілеттіктер беріледі, ол инвестициялық жобалар мен инфрақұрылымдық дамуды реттеуші функцияларын орындайды.

«Алатау қаласының дамуына жәрдемдесу мақсатында Алматы қаласы мен Алматы облысының жергілікті атқарушы органдары әкімшілікпен жергілікті маңызы бар мәселелерді бірлесіп шешу туралы келісім жасасуға құқылы.Алатаудың негізгі қағидаттары қарастырылды. Ашықтық қағидаты бұл мемлекеттік қордың (Әкімшіліктің), мәслихаттың және әкімдіктің қабылданған шешімдер мен актілер туралы ақпаратты қаланың ресми интернет-ресурстарында ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ететіндігін көздейді», – деді ол.

Яғнм, «Бірыңғай терезе» қағидаты ақпараттық жүйелер арқылы іске асырылады және бюрократиялық рәсімдерді төмендетуге инвестициялық жобаларды іске қосуды жеделдетуге, бизнесті жүргізуді жеңілдетуге бағытталған. 

«Заң жобасында «цифрлық бастапқылық» қағидаты еніп отыр. Алатау «ақылды» қала ретінде цифрлық экономикаға,  IT-секторға, ғылыми орталықтар мен технопарктер құруға және жоғары технологиялық өндіріске бағытталған.Алатау қаласының жиынтық бюджеті қаланың жергілікті бюджеті мен мемлекеттік қордың бюджетінен тұратын болады.Жергілікті бюджет жеке табыс салығы, әлеуметтік салық, мүлік салығы, көлік құралдарына салынатын салық, Алматы облысының жергілікті бюджетінен берілетін трансферттер және өзге де салықтары мен алымдары есебінен қалыптастырылады. Бұл түсімдер жергілікті мемлекеттік басқаруды қамтамасыз етуге және әлеуметтік саланы қаржыландыруға жұмсалады», –деді ол.

Депутат мемлекеттік қордың бюджеті корпоративтік табыс салығы, қосылған құн салығы, өзге де төлемдер мен алымдар, сондай-ақ республикалық бюджеттен түсетін түсімдер есебінен қалыптасатынын айтты. 

«Бұл түсімдер экономикалық қызметтен түсетін кірістерді шоғырландыруға және оларды Алатау қаласының қарқынды дамуын қамтамасыз етуге бағыттауға мүмкіндік береді. Бұл ретте міндетті сыртқы аудит және бюджеттің  орындалуы туралы тұрақты жария есептілік енгізіледі.  Алатау қаласы Кеңесінің шешімі бойынша инвестициялық жобалар үшін салықтық преференциялар берілуі мүмкін.Бұл ретте Алатау резиденттерінің инвестициялық міндеттемелерінің сомалары, сондай-ақ оларға берілген жеңілдіктер, босатулар мен преференциялар туралы   мәліметтер ашық қолжетімділікте орналастырылуға тиіс», - деді ол.       

Парламент Палаталарының депутаттары мен комитеттерінен заң жобасы бойынша 527 ұсыныс келіп түскен.

«Депутаттар заң жобасының жекелеген нормаларын арнаулы құқықтық режимді енгізуді көздейтін жаңа Конституцияның ережелеріне сәйкес келтіру бойынша түзетулер енгізді. Сонымен қатар, Әкімшіліктің, Әкімшіліктің лауазымды адамдарының, Алатау қаласының әкімі мен оның орынбасарларының жауапкершілігін енгізу ұсынылады.Бюджет қаражатының пайдаланылуын бақылауды және Әкімшіліктің бюджеттің орындалуы туралы есепті жыл сайын ұсынуын көздейтін түзетулер енгізілді. Алатау қаласының аумағында мүгедегі бар адамдар үшін қолайлы орта құру мен қажетті жағдайларды қамтамасыз етуге бағытталған толықтырулар енгізілді.Осыған орай, «Алатау қаласының арнайы мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының жобасын бірінші оқылымда мақұлдауды ұсынамыз», – деді ол.