Ашық жүйе, қатаң бақылау: Алатаудағы салық жеңілдіктері қалай жұмыс істейді
Бозымбаев Алатаудағы салық жеңілдіктері қалай берілетінін айтты
Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттар Алатау қаласының арнайы мәртебесі мәселесін талқылап жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мұрат Ергешбаев премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтан Алатау қаласының резиденттері үшін салық жеңілдіктерін енгізу қаншалықты ашық болатынын, бұр үрдістің халықаралық тәжірибедегі озық үлгілерін сұрады.
«Заң жобасы Алатау қаласы әкімшілігіне резиденттер үшін салық преференцияларын беру өкілеттігін береді. Мұндай қадам қаланың инвестициялық тартымдылығын арттырып, бизнеске қосымша ынталандыру болатыны түсінікті.Осыған байланысты екі сұрақ туындайды «Салықтық преференцияларды беру механизмі қаншалықты ашық болады?. «Жедел дамушы қалалардағы халықаралық үздік тәжірибелер қандай?», - деп сұрады Ергешбаев.
Бозымбаев атағандай, ашықтық қағидаты бұл заң жобасының негізгі, базалық принциптерінің бірі. Бұл норма заң жобасының тиісті бабында нақты көрсетілген.
«Біріншіден, салықтық преференциялар тек басым салалар үшін ғана беріледі. Яғни, кез келген салаға жеңілдік қарастырылмайды. Ал басым бағыттар қаланың стратегиялық құжаттарында айқындалып, алдағы екі-үш айда бекітілетін болады. Кейін бұл бағыттар толық ашық түрде жарияланады.Екіншіден, барлық шешімдер цифрлық форматта жарияланады. Яғни, қандай инвесторға қандай жеңілдіктер берілгені және оның қандай міндеттемелер алғаны ашық көрсетіледі. Кез келген азамат арнайы цифрлық платформа арқылы берілген жеңілдіктерді, жобаның орындалу барысын,инвестордың міндеттемелерін көре алады», - деді ол.
Қанат Бозымбаев атағандай, әрбір инвестициялық жоба бизнес лицензия аясында бекиді.
«Салықтық преференциялар тек инвестордың нақты міндеттемелерімен тығыз байланысты болады. Бұл міндеттемелерге инвестиция көлемі, жаңа технологиялар енгізу,жұмыс орындарын құру,жобаны іске асыру мерзімі сияқты талаптар кіреді.Міндеттемелер орындалмаған жағдайда бірқатар шаралар қарастырылады: алдымен айыппұл салынады, одан кейін бизнес лицензия қайта қаралады немесе тоқтатылады, қажет болған жағдайда қайтарып алу механизмі қолданылады», - деді ол.
Халықаралық тәжірибеге келсек, бұл бағытта түрлі модельдер бар.
«Сингапур моделінде ашық ақпараттық платформалар арқылы компаниялардың көрсеткіштері мен жеңілдіктері онлайн бақылауда болады. Шэньчжэнь тәжірибесінде де осындай цифрлық ашық жүйе жұмыс істейді Дубай үлгісінде бірыңғай цифрлық платформа бар, алайда міндеттемелер жыл сайын аудит арқылы тексеріледі.Біздің жағдайда толық ашықтық қағидаты таңдалды. Яғни, барлық ақпарат кез келген азаматқа қолжетімді цифрлық платформада ашық түрде жарияланады», - деді ол.