ШҚО-да колледж студенті қатарластарын бопсалап, ақшалары мен телефондарын тартып алған (ВИДЕО)

Ол бірнеше бопсалау дерегі бойынша күдікке ілінді

ШҚО-да колледж студенті қатарластарын бопсалап, ақшалары мен телефондарын тартып алған (ВИДЕО)
Фото: Видеодан скрин

Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері өңірдегі колледждердің бірінде бірқатар бопсалау жағдайының жолын кесті. Күдікті ретінде 17 жастағы жас жігіт ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алдын ала мәліметтер бойынша, зардап шеккендерге келтірілген жалпы шығын көлемі шамамен бір миллион теңгені құрады.

Сотқа дейінгі тергеу материалдарына сәйкес, оқиғалардың бірінде күдікті мен жәбірленуші арасында сөзге келіспеушілік туындаған. Осы сәтте күдікті психологиялық қысым көрсету арқылы жәбірленушіден 160 мың теңгеден астам қаражат талап еткен.

Осындай әдіспен басқа да студенттер қымбат смартфондарынан және ақшалай қаражаттарынан айырылған. Жастар бұл ақшаны достарынан қарызға алған немесе микрокредит ретінде ресімдеген. Сонымен қатар, күдіктіге өз құрдастарын заңсыз бас бостандығынан айырды деген айып тағылып отыр.

«Қазіргі уақытта сот шешімімен кәмелетке толмаған күдіктіге қатысты «үйқамақ» бұлтартпау шарасы таңдалды. Аталған фактілер бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабы «Бопсалау» және 126-бабы «Заңсыз бас бостандығынан айыру» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті ата-аналарды, ұстаздарды және жұртшылықты өскелең ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөлуге, құқық бұзушылық белгілеріне дер кезінде назар аударуға және жастардың дамуы үшін қауіпсіз ортаны бірлесе қалыптастыруға шақырады», – делінген облыстық Полиция департаментінің хабарламасында.