Жаңаөзенде әйел адам 8 айдан бері іздестіріліп жатыр
Ол 2025 жылғы 5 тамыз күні үйінен шығып кетіп, сол қалпы қайтып оралмаған
Жаңаөзенде өткен жылдың тамыз айында жоғалып кеткен 47 жастағы Дина Жарылғасованы іздеу жарияланды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Lada.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Lider.kz іздеу қозғалысының еріктілерінің мәліметінше, әйел адам 1-шағынауданда өмір сүрген. 2025 жылғы 5 тамыз күні шамамен сағат 19:00-де ол үйінен белгісіз бағытта шығып кеткен, міне содан бері оның қайда екені белгісіз.
Із-түзсіз жоғалған адамның белгілері: бойы шамамен 170 сантиметр, дене бітімі – орташа.
Жоғалған күні Дина Жарылғасова үстіне ақ түсті бұршақтары бар қара көйлек және өрнекті ұзын қызыл жилет киген. Қасында хаки түсті шағын сөмкесі болған.
Туыстары мен еріктілер әйелді көрген немесе оның қайда екені туралы қандай да бір ақпараты бар азаматтарды хабарласуға шақырады.
Ақпаратты мына телефон нөмірлері арқылы хабарлауға болады: +7 (700) 911-72-92 немесе 102.