Тоқаев: Қазақстанның болашағы – ғылым, тәртіп және жауапкершілікте
Президент ел дамуы үшін мүмкіндікті жіберіп алмау керектігін ескертті
Қазақстанның дамуы ғылым мен білімге, заң мен тәртіпке және қоғамның бірлігіне тікелей байланысты. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Президенттің айтуынша, бүгінгі буынның жіберген қателіктерін келешек ұрпақ кешіруі мүмкін, бірақ тарихи мүмкіндікті пайдаланбағанымыз үшін жауапкершілік сұралады.
«Келер ұрпақ біздің кейбір кемшіліктерімізге көз жұма қарайтын шығар. Бірақ олар Қазақстанды Әділетті, Қуатты мемлекетке айналдыратын, заң мен тәртіп, тазалық, табиғатты аялау, білім және ғылым салтанат құратын мүмкіндікті мүлт жібергенімізді ешқашан кешірмейді. Қазақстан осындай ел болуы керек. Біздің түпкі мақсатымыз – осы»,— деді Президент.
Мемлекет басшысы елдің бәсекеге қабілетті болуы тынымсыз еңбек пен ортақ жауапкершілікке байланысты екенін атап өтті.
«Біз қол жеткізген нәтижеге тоқмейілсіп, көрсеткіштермен мақтанбауымыз керек. Керісінше, жаңа мақсаттарға жету үшін тынымсыз еңбек етуіміз қажет. Әлемдік бәсеке күшейген кезеңде біз әрдайым жеңімпаз болуымыз керек. Қазақ халқы қандай жағдай болса да, өркениет көшінен қалмауға тиіс»,— деді.
Президент қоғамның барлық мүшесі ел дамуына үлес қосуы тиіс екенін айтты.
«Өркениет бізге өздігінен келмейді. Оған қол жеткізу үшін қоғам жұдырықтай жұмылып, күш біріктіруі қажет. Ғалымдар, технологтар, кәсіпкерлер, білімді азаматтар, тіпті, студенттер де ортақ іске атсалысқаны жөн»,— деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы патриотизмнің мәні күнделікті адал еңбекте екенін ерекше атап өтті.
«Патриот дегеніміз – өз жұмысын кез келген орында, мейлі, университет, мектеп, аурухана, кәсіпорын немесе министрлікте болсын, өз қызметін адал атқаратын адамдар. Жұмыстың жаманы болмайды»,— деді Президент.