Жастармен үндес саясат: Қошанов жаңа Конституцияның бағытын түсіндірді

Мәжіліс төрағасы жаңа Ата заң болашақ ұрпақтың мүддесіне негізделгенін айтты

Жастармен үндес саясат: Қошанов жаңа Конституцияның бағытын түсіндірді
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Қазақстанда қабылданған жаңа Конституция елдің ұзақ мерзімді дамуына, әсіресе жас буынның әлеуетін ашуға бағытталған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мәжіліс төрағасы, «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының жетекшісі Ерлан Қошановтың мәліметінше, жаңа Ата заңда заманауи технологияларды дамытуға қажетті құқықтық негіздер қарастырылған. Оның айтуынша, бұл бағыт жастардың дүниетанымы мен қазіргі жаһандық үрдістерге бейімділігімен тікелей сабақтас.

Спикердің сөзінше, бүгінде жастар әлемдік күн тәртібімен өмір сүріп, жаңа трендтерді жылдам игеріп отыр. Осы тұрғыда мемлекет саясаты мен жас буынның көзқарасы арасында үйлесім қалыптасқан. Бұл өз кезегінде жастардың ел дамуына белсенді қатысуына мүмкіндік береді.

Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастарға басымдық беруі референдумнан кейінгі алғашқы кездесулердің мазмұнынан да айқын көрінгенін атап өтті. Оның пікірінше, бұл қадам болашақта ел тағдырын айқындайтын буынға деген сенімнің белгісі.

Сондай-ақ, Мәжіліс төрағасы жаңа Конституция елдің келешегін қалыптастыратын азаматтарға бағытталғанын жеткізді. Оның айтуынша, негізгі құжатта жастардың бастамалары мен үміті ескеріліп, оларды қоғамдағы өзгерістердің негізгі қозғаушы күші ретінде қарастыру көзделген.