БҚО-да баладан қызылшаның өлімге әкелуі мүмкін қауіпті асқынуы анықталды

Өңірде қауіпті неврологиялық асқыну тіркелді, дәрігерлер вакцинацияның маңызын ескертті

БҚО-да баладан қызылшаның өлімге әкелуі мүмкін қауіпті асқынуы анықталды
Фото: freepik.com

Батыс Қазақстан облысында қызылшадан кейін дамитын сирек әрі аса ауыр асқыну – жеделдеу склероздаушы панэнцефалит анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айнаш Ғубайдуллинаның мәліметінше, бұл диагноз 11 жастағы балаға қойылған. Ол 2026 жылы 9 айлығында қызылшамен ауырған. Мамандардың айтуынша, мұндай асқыну инфекциядан кейін 5–10 жыл өткен соң пайда болуы мүмкін.

Бұл дерт орталық жүйке жүйесін зақымдап, ми тіндерінің бұзылуына әкеледі. Соның салдарынан науқаста неврологиялық өзгерістер байқалып, ақыл-ой қабілеті төмендейді. Кей жағдайларда ауру өлімге ұласуы ықтимал.

Өңірде қызылшамен күреске дайындық күшейтілген. Қазіргі таңда облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында 60 төсек орын қарастырылған. Соның ішінде 34 адам ем қабылдап жатыр: 28-і – бала, 6-ы – ересек.

Дәрігерлер қызылшаның өзі де жеңіл өтпейтінін ескертеді. Ауру пневмония, ауыр ларинготрахеит, отит және энцефалит сияқты қауіпті асқынуларға әкелуі мүмкін. Мұндай жағдайлар әсіресе осал топтар арасында жиі кездеседі.

Жоғары қауіп тобына 1 жасқа дейінгі балалар, екпе алмағандар, жүкті әйелдер және иммунитеті әлсіреген адамдар кіреді. Бұл санаттағы азаматтарда аурудың ауыр өту қаупі жоғары.

Мамандардың айтуынша, қызылшадан қорғанудың ең тиімді жолы – уақытылы вакцина алу. Екпе инфекцияның таралуын тежеуге және ауыр асқынулардың алдын алуға мүмкіндік береді.