Астанада айып тұрағы «ақылы режимге» өтеді: көлікті қайтару құны қымбаттайды

23 наурыздан бастап жаңа тарифтер күшіне енеді, бір айға жуық тек ескерту беріледі

Астанада айып тұрағы «ақылы режимге» өтеді: көлікті қайтару құны қымбаттайды
Фото: pixabay.com

Астанада айып тұрағына қойылған көліктерді сақтау енді ақылы негізде жүргізіледі. Жаңа тәртіп 23 наурыздан бастап енгізіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Елорда әкімдігінің Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы Асхат Қарағойшиннің мәліметінше, бұл шешім қаладағы тұрақ жүйесін ретке келтіруге бағытталған. Соның аясында тұрақ аймақтары қайта белгіленіп, әртүрлі тарифтік аймақтар енгізіледі. Жүргізушілер үшін төлем жүйесі жеңілдетіліп, бос орындарды көрсететін цифрлық қызмет іске қосылады.

Сондай-ақ, қала аумағында орнатылатын шлагбаумдар мен қоршауларға қатысты талаптар күшейтіледі. Олар тек келісім арқылы орнатылып, арнайы қызметтердің қозғалысына кедергі келтірмеуі тиіс.

Жаңа ережелерде көлікті эвакуациялау, сақтау және иесіне қайтару рәсімдері де нақты регламенттеледі. Ұсынылған тарифке сәйкес, көлікті эвакуациялау құны 3 АЕК немесе 12 900 теңге болады.

Айып тұрағында сақтау ақысы көлік түріне қарай есептеледі:
– мотоциклдер: алғашқы тәулігі — 1 АЕК, кейін — 2 АЕК;
– үш дөңгелекті көлік пен квадроциклдер: 1,5 АЕК, кейін — 3 АЕК;
– жеңіл автокөліктер: 3 АЕК, кейін — 5 АЕК;
– 3,5 тоннаға дейінгі жүк көліктері: 5 АЕК, кейін — 7 АЕК;
– тіркелмеген көліктер: 2–5 АЕК аралығында.

Қала әкімдігі бұл өзгерістер жол қозғалысы қауіпсіздігін арттырып, эвакуациялау жүйесін ашық әрі түсінікті етуге мүмкіндік береді деп отыр.

Айта кетейік, жаңа жүйе енгізілгенімен, 15 сәуірге дейін жүргізушілерге айыппұл салынбайды. Бұл кезеңде тек ескерту жасалып, тұрғындарға жаңа талаптар түсіндіріледі.