6,8 млн теңге айналым: Екібастұзда әкімдік қызметкерлерінің лудоманияға шалдыққаны анықталды

Мемлекеттік қызметшілер құмар ойындарға қатысқаны үшін әшкереленді

6,8 млн теңге айналым: Екібастұзда әкімдік қызметкерлерінің лудоманияға шалдыққаны анықталды
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Екібастұзда бірқатар мемлекеттік қызметшінің букмекерлік кеңселерде белсенді шоттары болғаны анықталды. Прокуратура дерегінше, олардың кейбірінің шот айналымы миллиондаған теңгеге жеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қала прокуратурасы әкімдік қызметкерлерінің қызметтік әдеп нормаларын бұзу фактілерін анықтады. Атап айтқанда, лауазымды тұлғалар заңнамалық тыйымға қарамастан букмекерлік кеңселерде белсенді шоттарға ие болған.

Мысалы, ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісінің жеке шоты бойынша айналым 6,8 млн теңгені құраған.

Ұқсас заң бұзушылықтар ауылдық округ әкімі, Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысының орынбасары, сондай-ақ қала әкімдігінің құрылымдық бөлімшелерінің жеті қызметкері тарапынан да анықталды.

«Қызметтік тексеру нәтижелері бойынша барлық құқықбұзушылық фактілері жөніндегі материалдар Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері департаментінің Әдеп жөніндегі кеңесіне жолданды.

Мемлекеттік қызметшілер тарапынан әдеп нормалары мен мінез-құлық қағидаларын сақтауға бақылауды әлсіз жүргізгені үшін қала әкімі аппаратының жауапты басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды», – делінген прокуратура хабарламасында.