Басты айыпталушы 25 жылға сотталды
Алматы облысында өткен жылы қоғамда үлкен резонанс тудырған зорлық-зомбылық, ер адамды өлтіру және баланы ұрлау дерегі бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот басты айыпталушы – іс материалдарында А. деп көрсетілген ер адамды барлық эпизод бойынша кінәлі деп таныды. Әңгіме бір-бірімен байланысты бірнеше қылмыс туралы болып отыр: жеке өмірге заңсыз араласу мен жеке мәліметтерді тарату, жыныстық зорлық-зомбылық, қорқыту және тұрғын үйге заңсыз кіру. Сот деректеріне сәйкес, ол жәбірленушінің туыстарына да кісі өлтіремін деп қоқан-лоқы жасаған.
Істегі ең ауыр эпизод – әйелдің ағасын өлтіру. Сотта анықталғандай, кейін А. қылмысқа екі кәмелетке толмаған жасөспірімді – Е. мен К.-ны тартқан. Іс материалдары бойынша, дәл солар кісі өлтіруге қатысқан, содан кейін жәбірленушінің баласы ұрланған.
Сот барлық айыпталушының кінәсі толық дәлелденді деген қорытындыға келді. Басты айыпталушы 25 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар оған өмір бойы кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге тыйым салынды. Екі жасөспірімге кәмелетке толмағандарға жаза тағайындау ерекшеліктері ескеріліп, әрқайсысына 9 жылдан жаза кесілді.
Сондай-ақ сот моральдық зиянды өтеу туралы азаматтық талап-арыздарды қанағаттандырды. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Оқиға қалай болды
Бұл оқиға 2025 жылдың күзінде қоғамды дүр сілкіндірді. Еске салсақ, қанды оқиға 2025 жылғы 6 қыркүйекте болған. Бұған дейін әйел оны зорлады деп полицияға шағымданған ер адам оның ағасын атып өлтірген. Кейін жәбірленушінің екі жастағы қызын ұрлап, ізін суытқан.
Полиция мәліметінше, күдікті мен жәбірленуші бұрын жақын қарым-қатынаста болған. Араларында жанжал туындап, соның барысында күдікті аңшы мылтығымен қыздың ағасына оқ атқан. Ол алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмған.
Арнайы жасақ сарбаздары қызды босатып, күдіктіні ұстау үшін операция жүргізді. Қашу кезінде ұрлаушы отырған көлік жардан құлап кеткен. Көлікте оның жанында бала да болған. Қыз ауруханаға жеткізіліп, оған операция жасалды: тілінің жарақатына сегіз тігіс салынған.
Баланы ұрлау дерегі бойынша Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті де мәлімдеме жасаған. Қаза тапқан ер адамның анасы мен жұбайы Балзия Әбілаева сол күнгі оқиғаның қалай болғанын айтып берді. Кейін ол трагедияға қатысты жаңа жайттарды да бөлісті.
Бұл іс бойынша сот отырысы жабық режимде өтті, басты айыпталушыға 12 қылмыс бойынша айып тағылған. Сотталушылар орнында одан бөлек тағы екі жасөспірім болды. Оларға кісі өлтіруге және баланы ұрлауға қатысқаны үшін айып тағылды.