Бір күндік емі – 1 млн теңге: Таиландта ауыр комаға түскен қазақстандық есін жиды
Отандасымыз бір жарым айдай ес-түссіз жатқан
Таиландта комаға түскен қазақстандық турист есін жиып, видеоүндеу жазды. Қысқа бейнежазбада Алексей Вивтоненко оған моральдық әрі қаржылай қолдау көрсетіп жатқан барлық жанға алғыс айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
КТК мәліметінше, 36 жастағы қазақстандық Алексей Вивтоненко Таиландта демалып жүрген кезде кенеттен өзін жайсыз сезінген. Жедел панкреатит асқынып, ер адамның ағзалары істен шыға бастағандықтан дәрігерлер оны жасанды комаға енгізген. Науқас екі апта бойы ес-түссіз жатқан. Жансақтау бөліміндегі бір тәуліктің құны туыстарына шамамен бір миллион теңгеге түскен. Сол кезде көптеген қазақстандық бейжай қалмай, отбасына көмектесе бастаған. Өмір үшін күресіп, арада бір жарым айға жуық уақыт өткенде Алексейдің өзі алғыс сөзін айтуға шамасы жетті.
«Баршаңыздың ортақ қолдауының арқасында қазір осы видеоны жазып, сіздерге сәлем жолдай алып отырмын! Өзімді жақсы сезінемін, есім дұрыс, кім екенімді де, қай жерде екенімді де түсінемін. Қандай жағдайда тұрғанымды толық білемін», – деді Алексей Вивтоненко.
Алайда ем-дом әлі жалғасып жатыр. Ұзақ уақыт комада жатқандықтан денесінде ойықжаралар пайда болып, оған операция жасауға тура келген. Кейін дәрігерлер өкпесінен тромб анықтаған, ал іш қуысына дренаж түтіктері қойылған. Қазір Алексей өздігінен тіпті отырып та кете алмайды.
«Бір жарым апта бұрын, ойық жараға операция жасалмай тұрғанда, біз оны отырғызып көрдік. Денесі көтермейді, жалпы әлсіз. Қозғалысы да әлі жоқтың қасы. Қазір қалыпты адамның күшінің шамамен 15–20 пайызы ғана бар шығар», – дейді қазақстандық туристің ағасы Тихон Вивтоненко.
Пхукеттегі аурухананың жалпы палатасы жансақтау бөлімінен арзанырақ болғанымен, шетелдікке көрсетілетін барлық медициналық көмек тек ақылы негізде жүргізіледі. Туыстары Алексеяны еліне жеткізіп емдеу қаржылай да, моральдық тұрғыдан да әлдеқайда жеңіл болар еді дейді. Олар бірнеше рет Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігіне медициналық тасымалдауға көмектесуді сұрап жүгінген. Алғашқыда науқастың жағдайы тым ауыр болғандықтан бас тартылса, кейін ол өздігінен тыныс алып, есін жиған әрі инотропты қолдауды қажет етпейді деген себеппен тағы да келісім берілмеген.
«Егер сарапшылар оның жағдайы ауыр екенін растаса, дәрігерлер мен санавиация оны елге жеткізуі керек – бұл әр адамның қалыпты құқығы. Негізі, біз Конституцияға өзгерістер енгізгеннен кейін адамдар біреуді үгіттеп немесе жалбарынып сұрамауы тиіс. Олар талап етіп, қажет болса Денсаулық сақтау министрлігін сотқа беруі керек. Бюджеттен бөлінген қаржыны қайда жұмсадыңдар деп сұрау қажет. Енді осындай талапшыл үнге көшетін уақыт жетті, тек өтініш айтып, үгіттеумен шектелуге болмайды», – деді Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов.
Соған қарамастан Денсаулық сақтау министрлігінде қазақстандықтың қазіргі жағдайы медициналық авиациямен тасымалдауға көрсетілімдерге сәйкес келмейді деп санайды. Ал туыстары шетелдегі емге қажетті қаражат жинауды жалғастырып жатыр.