$ 486.2  557.82  6
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Көктемгі су тасқыны: Қазақстанның тасжолдарында алдын алу бойынша қызу жұмыс жүріп жатыр

Тасжолдардың жалпы ұзындығы 25 мың шақырымды құрайды

Көктемгі су тасқыны: Қазақстанның тасжолдарында алдын алу бойынша қызу жұмыс жүріп жатыр
Фото: «ҚазАвтоЖол»/Видеодан скрин

Қазақстанда республикалық маңызы бар автожолдар желісі көктемгі су тасқыны кезеңіне толық дайын. Соңғы жылдары жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде су басу қаупі бар учаскелер саны 43%-ға азайған. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» арнайы хабарлама жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жұмыстар еліміздің барлық өңірін қамтып, көктемгі қар еру кезеңінде еріген және тасқын суларды кедергісіз өткізуге, сондай-ақ жол инфрақұрылымының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған. Жалпы ұзындығы 25 мың шақырымды құрайтын автожол желісінде 1 335 көпір және 15 467 су өткізу құбыры бар, бұл нысандар көлік жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ететін негізгі элементтер болып саналады.

2026 жылғы 16 наурыздағы жағдай бойынша жол саласының су тасқыны кезеңіне толық техникалық дайындығы қамтамасыз етілді. Соңғы жылдары жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде су басу қаупі бар учаскелер саны айтарлықтай азайды: 2022 жылы 396 учаске тіркелсе, қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 229-ға дейін төмендеп, 43%-ға қысқарды. Бұл нәтижеге жол-құрылыс саласында қайта жаңарту, күрделі және орташа жөндеу жұмыстары, сондай-ақ заманауи инженерлік шешімдерді енгізу арқылы қол жеткізілді.

«Инфрақұрылымның өткізу қабілетін арттыруға ерекше мән берілуде. 2025 жылы барлығы 582 су өткізу құбыры орнатылды, оның ішінде 162-сі қайта жаңарту аясында, 54-і күрделі жөндеу кезінде, ал 366-сы орташа жөндеу барысында жүзеге асырылды. Су тасқыны кезеңі қарсаңында 15 028 су өткізу құбыры ашылып, олардың толыққанды жұмыс істеуі қамтамасыз етілді.

Жол қызметтері күшейтілген дайындық режимінде жұмыс істеуде. Ықтимал қауіп-қатерлерге жедел әрекет ету үшін 2 453 бірлік арнайы техника дайындалды. Ауа температурасының күрт көтерілуі мен жауын-шашын түсуі жағдайында жол төсемінің сақталуын және қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тиісті шаралар шұғыл түрде қабылданады.

Сонымен қатар көпір құрылыстарының сенімділігін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2025 жылы стратегиялық маңызы бар учаскелерде, соның ішінде Шығыс Қазақстан облысы мен Қостанай облысы аумақтарында орналасқан 5 көпірге күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Бұл өз кезегінде көлік дәліздерінің су тасқыны кезеңіндегі тұрақтылығын едәуір күшейтті», – делінген «ҚазАвтоЖол» хабарламасында.

Қазіргі таңда айтарлықтай материалдық-техникалық резерв қалыптастырылған. Атап айтқанда, 86 мың текше метрден астам материал, оның ішінде құм, құм-қиыршық тас қоспасы, қиыршық тас, кесек тас және топырақ қоры жасақталды. Сонымен қатар 279 мыңнан астам қап және 706 мың литр жанар-жағармай қоры әзірленді. Бұл ресурстар гидрологиялық жағдайдың кез келген өзгерісіне жедел ден қоюға мүмкіндік береді.