Павлодар облысында жыл басынан бері бірнеше адамнан қос азаматтық анықталды
Олардың бірнешеуі елден қуылды
Павлодар облысында көрші мемлекеттің азаматтығын иеленген Қазақстан Республикасының азаматшасы анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазақстан заңнамасына сәйкес, азаматтар басқа мемлекеттің азаматтығын алғаны туралы уәкілетті органдарға белгіленген тәртіппен хабарлауға міндетті. Алайда, әйел бұл туралы көші-қон қызметіне немесе еліміздің дипломатиялық өкілдіктеріне хабарламаған.
«Шетел азаматтығын алғаны туралы хабарламағаны үшін әйел әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Шарбақты аудандық сотының шешімімен ол Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылып, еліміздің аумағынан шығарылды, сондай-ақ оған Қазақстан аумағына кіруге тыйым салынды», – деп хабарлады Павлодар облысы ПД көші-қон қызметінің бастығы Қанат Сартов.
Ведомство мәліметінше, жыл басынан бері өңірде шетел азаматтығын алғаны туралы хабарламағаны үшін 5 азамат жауапкершілікке тартылған. Олардың екеуі сот шешімімен Қазақстан Республикасының аумағынан шығарылып, елге кіруге тыйым салынды.