Берлин әуежайы ереуілге байланысты жабылды
18 наурызда Берлин-Бранденбург әуежайынан 445 рейс ұшпайды, шамамен 57 мың жолаушының жоспары өзгермек
Германиядағы Берлин-Бранденбург әуежайында қызметкерлердің ереуіліне байланысты 18 наурыз күні барлық рейстер тоқтатылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Reuters мәліметі бойынша, бұл күні жоспарланған 445 рейс орындалмайды. Әуежай жұмысының тоқтауы шамамен 57 мың жолаушының сапарына әсер етуі мүмкін.
Жолаушыларға сапарларын қайта жоспарлау үшін өз авиакомпанияларына жүгіну ұсынылған. Әуе тасымалдаушылары билет мерзімін өзгерту немесе сапардың балама нұсқаларын ұсынуы ықтимал.
Ереуілді Verdi кәсіподағы ұйымдастырған. Кәсіподақ Берлин-Бранденбург әуежайының шамамен 2000 қызметкерін бір күндік ескерту ереуіліне шақырды.
Кәсіподақ қызметкерлердің жалақысын 6%-ға арттырып, ай сайын кемінде 250 еуро қосымша төлеуді талап етіп отыр. Ал әуежай басшылығы жалақыны 2028 жылдың соңына дейін кезең-кезеңімен көтеруді ұсынған. Бұл ұсыныс жылына шамамен 1% өсімді ғана көздейді.
Кәсіподақ өкілдері мұндай ұсынысты келіссөздердегі айтарлықтай нәтиже бермейтін қадам деп бағалап, қызметкерлердің еңбек жағдайын жақсарту туралы талаптарын қайта көтерген.