Референдум тыныш өтті: 10 мыңнан астам учаскеде тәртіп бұзушылық тіркелмеді
ІІМ дауыс беру аяқталғаннан кейін де қоғамдық тәртіп бақылауда екенін мәлімдеді
Қазақстанда өткен республикалық референдум кезінде ел аумағындағы қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік толық қамтамасыз етілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Референдум–2026» республикалық онлайн марафонында ІІМ саяси науқанның қалай өткенін баяндады. Министрлік мәліметінше, полиция қызметкерлері дауыс беру күні республика бойынша барлық учаскелерде қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, қоғамдық тәртіпті бақылауда ұстады.
Ведомство дерегіне сәйкес, ішкі істер органдары алдына қойылған міндеттерді толық орындаған. Полиция қызметкерлері сайлау комиссиялары мен байқаушылардың қауіпсіз жұмыс істеуіне, сондай-ақ азаматтардың өз таңдауын еркін жасауына қажетті жағдайды қамтамасыз етті.
Министрлік мәліметінше, еліміздегі 10 мыңнан астам референдум учаскесінің ешқайсысында қоғамдық тәртіпті өрескел бұзу дерегі тіркелмеген.
Қазіргі уақытта учаскелерде дауыстарды санау жұмыстары жалғасып жатыр. Жағдай тұрақты және полицияның бақылауында.
ІІМ хабарлауынша, дауыстарды санау аяқталғаннан кейін полиция қызметкерлері бюллетеньдер мен хаттамаларды өңірлік референдум комиссияларына қауіпсіз жеткізуді қамтамасыз етеді.
Ведомствоның мәліметінше, референдумның тыныш әрі заң талаптарына сай өтуі үшін полиция қызметкерлері республика бойынша күшейтілген режимде жұмыс істеді.