$ 491.29  562.92  6.1
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Референдум аяқталды: тіркелген азаматтардың 73,24% дауыс берді

Ең жоғары қатысу Қызылорда облысында тіркелді, ал ең төмен көрсеткіш Алматы қаласында болды

Референдум аяқталды: тіркелген азаматтардың 73,24% дауыс берді
Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Қазақстанда өткен республикалық референдумға қатысу бойынша алдын ала деректер жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Орталық референдум комиссиясы мәліметінше, кешкі сағат 20:00-дегі жағдай бойынша дауыс беруге 9 126 850 азамат қатысқан. Ел бойынша референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың жалпы саны 12 461 796 адамды құрайды. Алдын ала есепке сәйкес, жалпы қатысу деңгейі 73,24% болды.

Өңірлік көрсеткіштерге назар аударғанда, ең жоғары белсенділік Қызылорда облысында тіркелген. Мұнда сайлаушылардың 93,04% дауыс берген. Сондай-ақ Ақтөбе облысында қатысу деңгейі 87,05%, Шығыс Қазақстан облысында 86,42%, Жамбыл облысында 85,06%, Түркістан облысында 84,03%, Қарағанды облысында 84,30% болды.

Ірі қалалар арасында Шымкентте дауыс беруге 75,82% азамат қатысса, Астанада бұл көрсеткіш 60,36% деңгейінде қалыптасты. Ал ең төмен қатысу Алматы қаласында тіркеліп, 33,43% болды.

Басқа өңірлердегі көрсеткіштер де жарияланды. Қостанай облысында 81,21%, Ақмола облысында 79,82%, Жетісу облысында 78,49%, Маңғыстау облысында 77,89%, Павлодар облысында 75,51%, Абай облысында 75,45%, Атырау облысында 74,04%, Ұлытау облысында 73,15%, Алматы облысында 71,46%, Солтүстік Қазақстан облысында 70,52%, Батыс Қазақстан облысында 68,94% азамат дауыс берген.

Референдум учаскелері кешкі сағат 20:00-де жабылды. Енді дауыс санау рәсімі жүргізіледі. Референдумның ресми қорытындысы қолданыстағы заңнамаға сәйкес 7 күн ішінде жариялануы тиіс.