Қақтығыс аймағында қалған қазақстандық елшілер елге қашан қайтады
СІМ жағдайға қатысты түсініктеме берді
Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Таяу Шығыстағы қақтығыс аймағында қалған отандық дипломаттардың жағдайына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министрдің айтуынша, қауіпті аймақтардағы елшілік қызметкерлерінің жақындары қауіпсіз жерге көшірілген. Бұл жұмыс Қазақстан азаматтарын жалпы эвакуациялау шаралары аясында жүзеге асырылды.
«Дипломаттардың отбасы мүшелері бұған дейін өзге де Қазақстан азаматтарымен бірге елге жеткізілді. Қазіргі уақытта ол жерде тек жұмыс барысын қамтамасыз етуге қажетті қызметкерлер ғана қалды», — деді Ермек Көшербаев.
СІМ басшысы дипломатиялық корпус пен техникалық құрамның жұмысын жалғастыруының басты себебін және оларды елге қайтару шарттарын атап өтті: Қазіргі таңда елшіліктер мен консулдықтар шұғыл жұмыстарды атқару үшін қажет.
Егер аймақтағы әскери-саяси ахуал бақылаудан шығып, дипломаттардың өміріне тікелей қауіп төнсе, мемлекет шұғыл түрде дипломаттарды да, техникалық құрамды да алып шығу шараларын бастайды.
Бұған дейін Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Әшікбаев Таяу Шығыстан негізінен дипломаттардың отбасылары эвакуацияланғанын, ал қызметкерлердің өз міндеттерін орындап жатқанын мәлімдеген болатын.