Астанада еріктілер қар күреп жүрген коммуналдық қызметкерлерге ыстық шай мен бауырсақ таратты
Астанада 8000-нан астам ерікті қызмет етеді
Астанада «Наурызнаманың» онкүндігіне орай, еріктілердің қатысуымен игі акция ұйымдастырылды. «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының еріктілері коммуналдық қызметкерлерге ыстық шай мен бауырсақ таратты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Елорда әкімдігінің мәліметінше, іс-шара «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы және Сарайшық ауданы әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырылды. Аталған орталық құрамындағы Еріктілер қозғалысын дамыту бөлімі 2014 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда мекемеде 8000-нан астам ерікті қызмет атқарады.
«Бүгін 15 наурыз – Қайырымдылық жасау күні, бұл күн қазақстандықтарды мейірімділік пен тату өмір сүруге, бейбітшілікке шақырады. Негізгі мақсат – еңбек адамдарына адал еңбектері үшін рахмет айту, кішкене болса да көңілдерін көтеру», – дейді Еріктілер қозғалысын дамыту бөлімінің бас маманы Айзат Али.
Акция аясында еріктілер коммуналдық қызмет жұмысшыларын ыстық бауырсақ пен шайдан дәм татқызды. Сонымен қатар еріктілер күрек алып, аумақты тазалауға атсалысты.
«Мен осы салада 10 жылдан бері жұмыс істеймін. Бізге еріктілер әрдайым қолдау көрсетеді. Олар мүмкіндігінше қолғабыс көрсетіп, тәттілер таратып, ықыластарын білдіреді. Мұндай шаралар бізге қуаныш сыйлайды және еңбегімізді бағалайтын адамдардың барын сездіреді», – дейді «Целина Сервис» коммуналдық қызметінің қызметкері Динара Қалиева.