Алматы облысындағы референдум учаскесіндегі белсенділік жақсы – бақылаушы
Алғаш рет дауыс берген жастар да бар
Алматы облысы Ақши ауылындағы №417 дауыс беру учаскесінде тұрғындардың белсенділігі жақсы деңгейде. Бұл жайлы «AMANAT» партиясының бақылаушысы Гүлнұр Айтжан айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, дауыс беру таңғы сағат 07:00-де басталған. Сол уақыттан бері сайлаушылар учаскеге келіп, өз азаматтық міндеттерін орындап жатыр.
«Таңертеңнен бастап тұрғындар келіп, дауыс беріп жатыр. Жалпы халықтың белсенділігі жақсы», – деді бақылаушы.
Сондай-ақ, оның айтуынша, дауыс беруге ерекше көңіл-күймен келген азаматтар да бар. Кейбір тұрғындар ұлттық киім киіп келсе, 18 жасқа толып, алғаш рет дауыс беріп жатқан жастар да кездеседі.
«Бақылау барысында ешқандай тәртіп бұзу жағдайлары тіркелген жоқ. Дауыс беру процесі заң талаптарына сәйкес тыныш әрі ұйымдасқан түрде өтіп жатыр», – деді Гүлнұр Ғазизқызы.