Маңғыстау облысындағы сайлау учаскелері маңында ұлттық ойындардан жарыс өтіп жатыр
Мұндай шаралар ұлттық спорт түрлерін кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді
Маңғыстау облысында референдум күні сайлау учаскелері маңында ұлттық ойындар өтіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Атап айтқанда, №40 сайлау учаскесінде гір тасын көтеру спорты бойынша жарыс өтсе, №42 учаскеде қол күресінен (армрестлинг) сайыс ұйымдастырылды. Ал №44 учаскеде тоғызқұмалақ ойынында зияткерлік ұлттық ойынға қызығушылық танытқан тұрғындар бақ сынаса, №45 учаскеде асық ату жарысы өткізіліп жатыр. Спорт жарыстарына жастар мен балалар белсенді қатысуда.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар ұлттық спорт түрлерін кеңінен насихаттауға, сондай-ақ тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл бастама азаматтардың қоғамдық шараларға деген қызығушылығын арттырып, ұлттық дәстүрлерді дәріптеуге бағытталған.
«Референдум күні тұрғындар учаскелерге келіп, өз таңдауларын жасаумен қатар, ұлттық ойындарға да қатысып жатыр. Мұндай іс-шаралар халықтың бірлігін нығайтып, ұлттық құндылықтарды насихаттауға үлкен ықпал етеді», – деді өңір тұрғыны.
Жарысқа қатысушылар ойын арқылы күшін мен ептілігін көрсете білді.
«Мен гір тасын көтеру жарысына қатыстым. Осындай ұлттық спорттық шаралардың ұйымдастырылғаны өте жақсы бастама. Халыққа жақсы көңіл-күй сыйлайды», – деді жарысқа қатысушылардың бірі.
Айта кетейік, мұндай мәдени-спорттық іс-шаралар тұрғындардың белсенділігін арттырып, ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттауға ықпал етеді.