$ 491.29  562.92  6.1
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Әскери киім киген ер адам сыра ұрлап кетті: Қорғаныс министрлігі желідегі видеоға қатысты түсініктеме берді

Дүкен иесі сыра ұрлап кеткен ер адамға үн қатты

Әскери киім киген ер адам сыра ұрлап кетті: Қорғаныс министрлігі желідегі видеоға қатысты түсініктеме берді
Фото: Видеодан скрин

Алматы қаласында Дарабоз шағын ауданындағы дүкен иесі бейнебақылау камерасына түсіп қалған әскери киімдегі ер адамға үн қатты. Оның айтуынша, ер адам бір шөлмек сыра алып, тауардың ақысын төлеместен дүкеннен шығып кеткен. Оқиғаның видеосын дүкен иесі Threads әлеуметтік желісіне жариялап, ер адамнан сатып алған заты үшін төлем жасауын сұрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бейнежазба әлеуметтік желілерде тарағаннан кейін жағдайға құқық қорғау органдары назар аударды. Алматы қаласының Полиция департаменті аталған дерек бойынша тексеру басталғанын мәлімдеді.

«Алатау ауданының полиция басқармасына қарасты бөлімде тексеру жүргізіліп жатыр. Құқық бұзушыға қатысты Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шаралар қабылданады», – деп хабарлады полицейлер.

Бейнежазбаға қатысты пікірді Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі де білдірді, себебі ер адам әскери киімде болған. Ведомство мәліметінше, бұл азамат әскери қызметші емес.

«Аталған азаматтың Қазақстан Республикасының Қарулы күштері құрамына қатысы жоқ екені анықталды. Ол жоғары оқу орындарының бірінде білім алатын студент және әскери кафедрада оқиды. Бейнежазбаны зерттеу барысында ер адамның үстіндегі киім әскери форманың қолданыстағы үлгілеріне сәйкес келмейтіні анықталды. Атап айтқанда, киімінде белгіленген айырым белгілері жоқ, ал қолданылған далалық форма ескі үлгіде және қазіргі уақытта Қарулы күштерде қолданылмайды.

Осы факті бойынша полиция органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, процессуалдық шешім қабылдау үшін тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр», – деп мәлімдеді ведомство.