Құқықтық мәдениет және қоғамдық қауіпсіздік: «Заң мен тәртіп» қағидатының маңызы
Заң үстемдігі орнаған жерде ғана мемлекеттік басқару жүйесі сенімді жұмыс істеді, дейді сарапшы
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында сөйлеген сөзінде қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Мемлекет басшысы ішкі істер органдары қызметкерлерінің қоғамдағы айрықша рөліне тоқталып, оларды халық алдындағы мемлекеттің тікелей өкілі екенін баса айтты. Сондықтан полиция қызметінің жұмысы тек қылмыспен күресумен ғана шектелмей, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, қоғамдық сенімді қалыптастыратын маңызды институт ретінде қарастырылуы тиіс, деп жазады Azattyq Rýhy.
Президент айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидаты қазіргі реформалар кезеңіндегі мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының біріне айналып отыр. Бұл ұстаным қоғамдағы құқықтық мәдениетті нығайтуға, мемлекеттік институттардың тиімді жұмыс істеуіне және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сенімді қорғауға бағытталған.
Жалпы алғанда, заңдылық пен тәртіп – кез келген мемлекеттің тұрақты дамуының негізгі тірегі. Қоғамда әділеттілік орнап, тұрақтылық сақталуы үшін заң талаптары баршаға бірдей орындалуы қажет. Мемлекеттік органдардың тиімді қызметі де, азаматтық қоғамның белсенділігі де дәл осы заң нормаларын құрметтеу мен сақтау мәдениетіне тікелей байланысты. Заң үстемдігі орнаған жерде ғана мемлекеттік басқару жүйесі сенімді жұмыс істеп, азаматтардың мемлекетке деген сенімі нығаяды.
Бұл ретте «Заң мен тәртіп» қағидаты мемлекеттік бақылау тетіктерін жетілдіруге, заңнаманың орындалуын қатаң қадағалауға және мемлекеттік құрылымдардың ашықтығын арттыруға бағытталған. Аталған принциптің негізгі мақсаты – қоғамда әділеттілік қағидатын орнықтырып, әрбір азаматтың құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуына кепілдік беру.
Сонымен қатар бұл қағидат мемлекеттің қауіпсіздік саясатының ажырамас бөлігі саналады. Құқық қорғау органдарының жұмысын жетілдіру, қоғамдық тәртіпті сақтау механизмдерін жаңғырту және құқықтық жүйені заман талабына сай дамыту – осы бағыттағы негізгі міндеттердің бірі. Қазіргі әлемдегі қауіпсіздікке қатысты жаңа сын-қатерлер жағдайында құқық қорғау жүйесінің тиімділігі мен жедел әрекет ету қабілеті ерекше маңызға ие.
Бүгінде қоғамда ауқымды өзгерістер жүріп жатыр. Цифрландыру үдерісі, әлеуметтік реформалар және ақпараттық кеңістіктің кеңеюі қоғамдық санаға да айтарлықтай ықпал етуде. Осындай жағдайда азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған тиімді механизмдерді қалыптастыру, құқықтық мәдениетті арттыру және халықтың билік институттарына деген сенімін нығайту аса маңызды.
Сондықтан «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын тек құқықтық нормалар жиынтығы ретінде ғана емес, мемлекет пен қоғам арасындағы жауапкершілік тепе-теңдігін қалыптастыратын маңызды идеологиялық бағдар ретінде қарастыруға болады. Бұл ұстаным заң үстемдігін қамтамасыз етуге, мемлекеттік институттардың жауапкершілігін арттыруға және ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған.
Құқықтық мемлекетте заң баршаға ортақ қағида ретінде әрекет етеді. Ол қарапайым азаматқа да, мемлекеттік қызметкерге де бірдей талап қояды. Заң үстемдігі сақталған қоғамда әр адамның құқықтары мен бостандықтары қорғалып, әділеттілік принципі берік орнығады. Сонымен қатар бұл жүйе әрбір азаматқа белгілі бір міндеттер де жүктейді.
Мәселен, азаматтар заң талаптарын орындап, қоғамдық тәртіпті сақтауға, салық төлеуге, жол қозғалысы ережелерін орындауға және қоғамдағы жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға үлес қосуы тиіс. Бұл тек құқықтық талап қана емес, сонымен бірге қоғам алдындағы азаматтық міндет.
Экономикалық салада да заңдылық пен ашықтықтың маңызы зор. Бизнес қауымдастық пен жеке сектор заң талаптарына сай, ашық әрі әділ ережелер бойынша жұмыс істеуі қажет. Мұндай орта көлеңкелі экономиканың алдын алып қана қоймай, адал бәсекелестікті қалыптастыруға және инвестициялық тартымдылықты арттыруға мүмкіндік береді.
Заң үстемдігі мен тәртіп қағидаттарын сақтау – тұрақты әрі өркендеген қоғам құрудың басты шарты. Әрбір азамат өз құқықтары мен міндеттерін терең түсініп, қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінген жағдайда ғана мемлекет пен қоғам арасындағы сенім нығаяды. Ал бұл өз кезегінде қауіпсіз, әділетті әрі дамыған қоғам қалыптастыруға берік негіз болады.