Ресей шетелден келетіндер үшін екі апталық карантинді алып тастады
Қаулы ережесі бойынша шетелдіктер шекарада коронавирустың жоқтығын растайтын анықтама ұсынуы шарт

Ресейдің тұтынушылар құқығын қорғау қызметінің басшысы Анна Попова қол қойған жаңа қаулыға сәйкес, енді Ресейге келген азаматтар коронавирусқа байланысты екі апталық карантинге жіберілмейтін болады. Бұл туралы ТАСС агенттігіне сілтеме жасап Қазақпарат хабарлайды.
Қаулы ережесіне сәйкес, шетел азаматтары шекарада коронавирустың жоқтығын растайтын анықтама ұсынуы керек.
«Ресей шекарасына кіргенде санитарлық-карантиндік бақылауды іске асыратын лауазымды тұлғаларға РФ-ға келерден кем дегенде үш күн бұрын ПТР-әдісімен жасалған COVID-19-ға лабораториялық зерттеудің теріс нәтижесін растайтын медициналық құжатты (орыс және ағылшын тілдерінде жазылған), сондай-ақ G (lgG) иммуноглобулин антиденесі анықталғанын (анықталған жағдайда) растайтын медициналық құжатты көрсетуі тиіс», - делінген құжатта.
Мұндай анықтамалар болмаса, онда үш күн ішінде Ресей аумағында коронавиусқа анализ тапсырады. Қаулы 15 шілдеден бастап күшіне енеді.