Елордаға 33 тонна дәрі-дәрмек жеткізілді
Дәрі-дәрмекті қаладағы 500-ге жуық дәріханаға тасымалдайды

Елордаға Үндістаннан, Польша мен Франциядан 33 тонна дәрі-дәрмек жеткізілді деп хабарлайды 24 Хабар.
Препарат тасымалдаумен айналысатын компания қажет дәрілерді Үндістаннан, Польша мен Франциядан алдырған. Ішінде елімізде өндірілген препараттар да бар. Оларды қаладағы 500-ге жуық дәріханаға тасымалдайды. Жауапты адамдар тұрғындар антивирустық дәрілерді ертеңнен бастап сатып ала алады дейді.
Препараттардың бағасы қатаң бақылауға алынған. Өйткені дәрі өндіретін зауыттар бағасын өсірмеген. Сондықтан дәрінің қымбаттауына еш негіз жоқ.
«Біз тапсырыс беріп үлгірмей жаттық. Өйткені індеттің дәл бұлай өршіп кететінін ешкім болжаған жоқ. Дәріханалар да қандай көлемде дәрі керегін есептей алмады. Сондықтан біраз препарат тапшы болды. Енді дәрі тапшылығын болдырмау үшін бәрін қадағалап жатырмыз. Керек дәрілерді үздіксіз жеткізіп тұрамыз», дейді дәрі-дәрмек тасымалдайтын компанияның өкілі Ақмарал Тағауова.