«Бюллетень қағазындағы жай ғана белгі емес»: президент халықты референдумда дауыс беруге шақырды
Дәл қазір біздің алдымызда кемел санамен, зор жауапкершілікпен тағдырлы таңдау жасау міндеті тұр
Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ форумында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды референдумда дауыс беруге шақырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан айтылған барлық теріс болжамдарға қарамастан, халқымыздың табанды еңбегінің арқасында халықаралық абырой-беделі зор күшті мемлекет ретінде қалыптасты. Бірақ, күшті, мықты ел болу жеткіліксіз. Мемлекеттің шынайы кемелдігі азаматтардың, заң мен өскелең ұрпақтың алдындағы жауапкершілігінен айқын көрінеді. Мықты мемлекет тірек болады, ал жауапты мемлекет ертеңгі күнге деген сенімді күшейтеді. Күш пен жауапкершілік үйлесім тапқанда ғана мемлекет озық әрі қарқынды даму жолына түседі.Кейінгі ұрпақ біздің олқылықтарымызға түсіністікпен қарауы мүмкін, бірақ ел тағдырына әсер ететін тарихи шешім қабылдау кезінде енжар, жігерсіз, жауапсыз болсақ, олар бізді ешқашан кешірмейтіні сөзсіз», -деді Тоқаев.
Оның айтуынша, дәл қазір біздің алдымызда кемел санамен, зор жауапкершілікпен тағдырлы таңдау жасау міндеті тұр.
«Осы орайда барша азаматқа, әсіресе, жас отандастарымызға қарата арнайы үндеу жасағым келеді. Жаңа Конституция жобасы, ең алдымен, Сіздерге арналған.Сіздерге референдумда дауыс беріп, Отанымыздың тағдырына қатысыңыз бар екеніңізді білдіретін орайлы мүмкіндік берілді. Басқаша айтқанда, Сіздер Ата заңға үлес қосқан азаматтар ретінде ел тарихына өз есімдеріңізді жазып қалдыра аласыздар. Біраз уақыт өткен соң, өмір көріп, есейген шағыңызда: «Мен азаматтық парызымды орындадым. Елімнің жаңа Ата заңын қабылдауға өз үлесімді қостым» деп мақтанышпен айтуға толық құқыңыз бар. Қымбатты отандастар! Сіздердің таңдауларыңыз – бюллетень қағазындағы жай ғана белгі емес. Ол – жаңа Халық Конституциясы жобасына көрсетілген нақты қолдауыңыз. Қазақстанды дамудың даңғыл жолына салуға жастар атсалысады. Күні ертең ынтымақ-бірлігі жарасқан, еңбекқор, заңға бағынатын, білім, ғылым, мәдениет және зайырлылық құндылықтары берік орныққан, жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект күнделікті өмірдің ажырамас бөлшегіне айналатын қоғам құру миссиясы Сіздерге жүктеледі», – деді Тоқаев.