$ 489.39  567.99  6.19
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазіргі Қазақстан көптеген елден көш ілгері – Тоқаев

Ол Қазақстанның даму барысы жайлы сөз қозғады

Қазіргі Қазақстан көптеген елден көш ілгері – Тоқаев
Фото: Ақорда

Қазіргі Қазақстан көптеген елден көш ілгері. Шартарапқа экономикалық дамуы орнықты, саяси ахуалы тұрақты, түрлі дін мен мәдениетке құрметпен қарайтын ел ретінде танылдық. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ форумында мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Біз өркениетаралық және дінаралық диалог өрбітуді, халықаралық құқықты сақтап, бейбіт қатар өмір сүруді, ядролық қаруды таратпай, өзара сенім және қауіпсіздік шараларын нығайтуды жақтаймыз.

Қазақстан ұлттық мүддесін, егемендігін әрдайым қорғайды. Келешекте де солай болмақ. Біз – жасампаз ұлтпыз. Қарым-қатынасты қиратпаймыз, бауырымызға тартамыз. Ешкімді жатырқамаймыз, бөлінбейміз, бірігіп, тату-тәтті тіршілік етеміз. Сондықтан біздің төлқұжатымызға халықаралық сенім жоғары, орасан зор күшке ие құжат ретінде мойындалады», – дейді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде қазақстандықтар дүние жүзін емін-еркін шарлап, шетелдерде білім алатынын, кәсібін жүргізетінін, бұл еліміздің әлемнің алпауыт мемлекеттерімен терезесі тең, мол мүмкіндіктерге ие екеніне айқын дәлел екенін тілге тиек етті.

«Біз Әділетті Қазақстанның негізін қалап жатырмыз. Бұл елде кез келген адам әлеуметтік мәртебесіне, саяси, идеологиялық таңдауына, тіліне, дініне, этникалық шығу тегіне қарамастан, өз қарым-қабілетін толық пайдалана алады.

Осы тұрғыдан жаңа Халық Конституциясының жобасы ортақ Отанымыз – Қазақстан Республикасының жарқын келешегіне берік әрі мызғымас іргетас болады деп айта аламын», – дейді мемоекет басшысы.